Жерасты орындарын халықты қорғауға бейімдеудің бірыңғай стандартын бекітілді
Қазақстанда биылдан бастап тұрғын үйлер мен ғимараттардың жерасты нысандарына қойылатын талаптар түбегейлі өзгерді. Сауда және интеграция министрлігі Төтенше жағдайлар, Қорғаныс және Экология министрліктерімен келісе отырып, жерасты орындарын халықты қорғауға бейімдеудің бірыңғай стандартын бекітті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай салынатын жертөлелер мен паркингтер тек техникалық мақсатта ғана емес, табиғи апаттар, техногендік апаттар және әскери жағдайлар (соның ішінде дрондардан қорғану) кезінде бас сауғалайтын бункер ретінде пайдаланылуы тиіс.
Стандартта көрсетілген негізгі талаптар:
Тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі: Нысандарда арнайы желдету, сумен және электрмен жабдықтау, санитарлық тораптар мен байланыс жүйелері болуы міндетті.
Құрылымдық беріктік: Ғимараттардың конструкциясы мен жоспарлануы сыртқы соққыларға төзімді болуы керек.
Техникалық аудит: Қолданыстағы жертөлелер, төменгі қабаттар, жерасты өткелдері мен метро станциялары тексеріліп, қажет болған жағдайда жөнделеді немесе күшейтіледі.
Министрлік бұл тәжірибенің әлемдік деңгейде кең таралғанын алға тартты. Мысалы, Украинада соғыс жағдайында метро мен жертөлелер халықтың жаппай тығылатын орнына айналса, Иран мен Израильде де жерасты нысандары ракеталық шабуылдар кезінде стратегиялық маңызға ие.