×

Қарағанды облысында жоғалған баланы тапқан 18 жастағы студент марапатталды

Қарағанды облысында жоғалған баланы тапқан 18 жастағы студент марапатталды
ТЖМ

Қарағанды облысында із-түзсіз жоғалған жасөспірімді табуға көмектескен 18 жастағы ерікті Әділжан Дүренбеков марапатталды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев батыл жігітке іздестіру жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті, деп хабарлайды Qaz365.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әділжан – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жанындағы колледждің бірінші курс студенті. Ол 2 сәуір күні баланың жоғалғаны туралы хабарламаны көрген бойда, өз бетінше іздеуге аттанған. Еш ойланбастан мотоцикліне мінген студент Дубовка кентінің маңындағы өзен жағасын тексеру кезінде мектеп оқушысын аман-есен тауып алған.

Төтенше жағдайлар министрлігі жас жігіттің бұл әрекетін азаматтық жауапкершілік пен бейжай қарамаудың жарқын үлгісі деп бағалады. Оқиға кезінде 13 жасар бала Абай қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы далалы жерде болған. Қазіргі таңда жеткіншектің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Еске сала кетейік, 2 сәуірде Қарағанды облысында жасөспірімнің жоғалғаны туралы ақпарат тарап, оны құтқарушылар мен еріктілер тобы бірлесе іздеген болатын. Көп ұзамай Әділжан Дүренбековтің қырағылығының арқасында бала аман-есен үйіне оралды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →