Өскемен қаласында «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың хабарлауынша, жиынның басты мақсаты – көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру.
Форум барысында өңірдегі «иесіз» үйлер мәселесі ерекше назарға алынды. Әкімнің айтуынша, басқару нысанының болмауы коммуналдық қарыздардың жиналуына, ғимараттардың тозуына және тұрғындардың өмір сүру сапасының төмендеуіне тікелей әсер етуде. Осыған байланысты депутаттар, МИБ және ПИК өкілдері басқару нысандарын қайта тіркеу және аулаларды абаттандыру жолдарын талқылады.
Жиын алдында өткен профильдік семинарда мамандар тұрғын үй қорын күтіп ұстаудың өзекті мәселелерін қарастырды. Нұрымбет Сақтағанов басқарушы компаниялар мен тұрғындардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтіп, барлық ұсыныстар мен ескертулердің жинақталып, әрі қарай пысықтауға жолданатынын жеткізді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тұрғын үй реформасы аясында ПИК-терден Мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) немесе Жай серіктестіктерге көшу процесі жүріп жатыр. ШҚО әкімі әр үйде түсінікті әрі тиімді басқару жүйесінің болуы – тәртіп пен жайлылықтың негізі екенін қадап айтты.