Тәрбие жұмысы және ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жасөспірімдер арасындағы жәбірлеу жағдайларының жанына бататынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында жәбірлеу жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты министр Ғани Бейсембаев бүгін облыстық білім басқармаларының, аумақтық департаменттердің, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен шұғыл кеңес өткізді. Кеңес барысында тәрбие жұмысы және ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.
«Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған оқиғалар ешкімді бейжай қалдырмағаны белгілі. Алматы облысындағы екі баланың өліміне себеп болған қайғылы оқиға жаныма қатты батып отыр. Балалардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бір өкініштісі, жәбірлеу кең таралған құбылыстардың біріне айналып бара жатыр. Жасөспірімдердің жантүршігерлік қылығы мен бір-біріне қатыгездік танытуы - ақылға сыймайтын дүние. Бізге - педагогтер қоғамдастығы мен азаматтық қоғам, ата-аналар – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың өміріне демеу болар құндылықтарын қалыптастыру жолында бүкіл ресурсымызды жұмылдырып, бала тәрбиесінде бірлесе қимыл жасау қажеттілігі туындап отыр», - деді Оқу-ағарту министрі өз сөзінде.
Ғани Бектайұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы кешенді жоспар әзірлеу жөнінде атқарылып жатқан жүмыстарды тілге тиек етті.
«Балалардың қауіпсіздігі ҚР Оқу-ағарту министрлігі жұмысының ең маңызды бағыты әрі басты назарында болып қала береді. Ішкі істер министрімен және әкімдікпен байланыс күшейтіліп, жергілікті жерде құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде, комиссия жұмыс істеуде. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру жұмысын да жүргізіп келеді. Баланың жәбірленуден қорғануға құқығы бекітілді. Ол үшін Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, Мектептердің психология қызметтің жұмыс ережесі, Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды. Балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істеп тұр. Еліміздің әр өңірінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде», - деген министр олардың байланыс нөмірлерінің @oqu_agartu_ministrligi парақшасында жарияланғанын айтты.
Министрдің айтуынша, осы шаралардың бәрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруды көздейді.