×

"Кәмпит берем": Шонжыда зорланған қыздың анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Көпбалалы ана қызының жағдайын айтып, көз жасын тия алмай отыр

"Кәмпит берем": Шонжыда зорланған қыздың анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді
Sputnik / Айдана Дайырова

Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы Шонжыда 72 жастағы зейнеткер 12-дегі қызды зорлады деген күдікке ілінді. Оқиғаның мән-жайын жәбірленуші қыздың анасы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Көпбалалы ана қызының жағдайын айтып, көз жасын тия алмай отыр.

"23 наурызда қызымды кәмпит берем деп алдап шақырып, үйіне кіргізіп алған. Сол жерде өз киімін шешіп, қызымның киімін жыртып тастаған. Одан кейінгі оқиға 9 сәуірде болған. Бірақ бірде-бір рет байқамадым. Қызымның мінезінен де еш өзгеріс байқамадым. Мұғалімдер оның мектеп жанында ер адаммен сөйлесіп тұрғанын байқап қалып, кейін қызым психологтарға бәрін айтып берген", - дейді жәбірленушінің анасы.

Ас ішуден қалған әйелінің күйін байқаған күйеуі не болғанын сұраумен болады. Қыздың әкесінен жұмысындағы әріптестері мән-жайды сұрап жүріпті. Ойына күдік ұяламаған әке бар жайды әйелінен бес күн өткен соң бір-ақ естиді.

"Күйеуім сұрай берген соң ақыры айттым. Қызымның қазір жағдайы ауыр. 4-5 күн болды төсекке кіші дәрет жіберіп қояды, психикасы мүлдем бұзылды. Баламның болашағына балта шапты. Бүкіл ел маған үрпиіп қарайды. Бұл жерде енді қайтіп тұрамыз? Өмір сүргім келмейді", - деп еңіреді ана.

Оқушы Шонжыдағы №5 мектепте оқиды. Мұғалімдер баланың сабақ үлгерімі де, білімі де жақсы дейді.

"Оқушы қыз бір күн де сабақтан қалып көрген емес, тәртібі сондай жақсы. Сол оқиға болған күні тәрбие ісінің меңгерушісі бөтен ересек адамның қызбен сөйлесіп тұрғанын байқап қалған. Қызды оңаша шығарып алып сұраған. Сөйтсе ол ер адам "кәмпит беремін, тәтті беремін" деп шақырып тұрыпты. Оқушының мінез-құлқынан еш өзгеріс байқамадық", - дейді №5 мектеп директоры Лейла Таипова.

Зейнеткердің көршілері ешқашан одан күдіктенбегенін айтып отыр.

"Алдында қызымды дүкенге күрішке жібердім. "Мама, мына көрші аға артымнан қалмай еріп алды, қорқып қашып келдім" деді. Көршім болған соң еш жаман ой ойламадым, керісінше қызыма жөні жоқ неге қорқасың деп жекіп тастадым. Сол қызға қиянат жасаған күні бір сағатқа үйден кетіп қалғанмын, қыздарым үйде болған. Сол кезде келіп есікті қағып біраз тұрыпты. Қыздарым бейнекамерадан көріп, есікті ашпапты. Мен онда да жаман ой ойлаған емеспін", - дейді көршісі Жанар (аты-жөні өзгертілген).

Ауыл тұрғындарының айтуынша, күдіктінің балалары – дін жолындағы адамдар. Бұл отбасы ауылдағы бақуатты тұратындардың бірі. Мата сататын дүкені бар. Шонжылықтар "қаскөй зейнеткер әділ жазасын алсын, балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз" дейді. Төбеден жай түсірген оқиға барлық тұрғынды есеңгіретіп тастаған.

Қазір ауылда күдікті психиатриялық ауруханаға жатқызылды деген қауесет тараған. Алайда аудандық полиция бөлімі Sputnik Қазақстанға күдікті бұған дейін психикалық ауытқуы барлардың тізімінде және наркологиялық есепте болмағанын дәлелдейтін құжаттарды көрсетті.

"Жаңа өздеріңізге көрсеткен анықтамаға сәйкес, күдікті есепте тұрған емес. Қазір оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама жасалып жатыр. Сараптама қорытындысы дайын емес. Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында", –  дейді Ұйғыр ауданы полиция бөлімі басшысының тергеу жөніндегі орынбасары Тұраржан Махамбет.

Күдіктінің қызы мен күйеу баласы аудандық органда қызмет етеді. Тұрғындардың айтуынша, қызы аудандық полиция бөлімінде тергеуші, бірақ қазір бала күтіміне байланысты еңбек демалысында, ал күйеу баласы аудандық сотта қызмет етеді. Шонжы тұрғындары қылмыстық іс бұрмаланып, іс жабылып қала ма деп қауіптенеді.

Еске салсақ, 72 жастағы ер адам Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі бойынша күдікті деп танылып, қамауға алынғаны хабарланды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Жалпыға бірдей декларация: 2025 жылы жеке кәсіпкерлер үшін не өзгереді
Бүгін, 18:45

Жалпыға бірдей декларация: 2025 жылы жеке кәсіпкерлер үшін не өзгереді

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →