Жолаушылар саны 366 пайызға өскен
Елімізде авиатасымалдаудың ішкі нарығындағы тарифтер екі есе төмендеді. Бұл туралы «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол билеттер 2018 жылмен салыстырғанда арзандағанын айтты. Бұған Flyarystan лоукостері пайда болуы себеп болған екен.
– Егер «Эйр Астана» мен Flyarystan-ның арасындағы тариф саясатына келсек, ішкі тасымалдау бағасының айырмашылығы шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл жерде мынаны ескеру қажет. 2018 жылғы тарифпен салыстырсақ, ол кезде Flyarystan лоукестерінің әлі авианарыққа шыға қоймаған кезі. Ал 2022 жылы ішкі нарықтағы билет бағасы екі есеге жуық арзандады. Мұны Flyarystan-ның пайда болуымен байланыстыруға болады. FlyArystan тарифтері әлемнің кез келген бөлігіндегі тасымалдаушымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті. Яғни ең арзан билеттер осы тасымалдаушыда. Қазақстанның авиатасымалдаудағы ішкі нарығы әлем бойынша қарқынды дамып келеді. Бұл жалаң айтыла салған сөз емес, тәуелсіз үкіметтік емес ұйымның жасаған қорытындысымен дәлелденген. Мұның басты себебі – тарифтердің қолжетімді әрі арзан болуында, - деп атап өтті Фостер.
Сонымен қатар ол FlyArystan ұшақтары ұша бастаған 2019 жылдан бастап, жолаушылар саны 366 пайызға өсті деп отыр.