Соның 60 млн теңгесі жалақы түрінде ұстаздарға заңсыз төленген
Батыс Қазақстан облысында 11 білім беру мекемесінде 100 млн теңгеге жуық қазына қаржысы желге ұшқан, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Соның 60 млн-ы жалақы түрінде ұстаздарға заңсыз төленіпті. Яғни, білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорлары мамандардың біліктілік санатын қолдан көтеріп, жалақы қорын негізсіз ұлғайтқан. Бұл іске қарапайым мұғалімдердің қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз. Қазір терге алды амалдары жүріп жатыр. Заң бұзушылықтар Оралдағы оқу-өндірістік комбинатында, кешкі мектепте, №10-шы, 20-шы, 25-ші, 41-ші, 4-ші білім ордаларында, Серебряков мектебінде, Абай атындағы мектеп-интернатта, №18 және №30 балабақшаларда анықталған.
«Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында кең көлемді тексеруді бастағанбыз. Облыста 700-дей білім беру мекемесі бар. Соның күні бүгін 100-ге жуығы тексерілді. 11-нен жаңағыдай заңбұзушылықтар анықталды. Толық ақпаратты тергеу аяқталған соң айтатын боламыз», - деді БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әділхан Сабыров.