Оның айтуынша, орануға қатысты екі мәселе бар
Журналист әрі блогер Динара Сәтжан еліміздегі танымал қыз-келіншектердің жаппай хиджаб кие бастауына оларға ақша ұсынылғаны себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Айдос Сарым пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – адамның ұстанымы, оның ішінде діни ұстанымы. Оған ешкім шек келтірмеуі тиіс. Егер адам өз еркіммен осы жолға түстім, тақуалыққа бет бұрдым дейтін болса, ол – сол адамның жеке құқығы. Оған теріс пікір айтудың немесе қолдаудың қажеті жоқ. Екінші мәселе – мұның артында бизнес тұруы мүмкін деген пікір бар. Жақында ғана Парламент онлайн жарнамаға қатысты заң жобасын жұмысқа алды. Егер желідегі контенттің ақысы төленген болса, салығын төлесін, жарнаманың ақылы екенін көрсетсін”, - дейді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, мұндай мысалдар телеарна, газет-журналдарда бар. Теледидарда жаңалықтың жаңалық екені, жарнаманың жарнама екені айқын көрініп тұрады. Газет-журналдарда да ақылы материалдар арнайы белгімен таңбаланады деп отыр. Енді осы ереже әлеуметтік желіде де қолданылуы керек.
“Егер қандай да бір топтардың, ұйымдардың атынан ақша алып, солардың ұстанымын, қызметін насихаттайтын болса, онда тұтынушы бас салып танымал адамның істегенін қайталамай, контенттің ақылы екенін ұғуы тиіс. Сонда қоғамда дау-дамау азаятын сияқты. Ал орану, оранбау – әр адамның өз еркі. Бірақ тұмшаланып алғанды қолдамаймын”, - дейді депутат.