Егіні тапталып, қыруар шығынға батқан тұрғындар жанайқайын кімге айтарын білмей, дал болып отыр
Батыс Қазақстан облысында киіктің қаптауынан қорыққан фермерлер егістік алқаптарын айналдыра ор қазуға кіріскен. Шаруа қожалықтары саны күрт көбейген ақбөкендердің биыл да алқапты отап жатқанын айтып, дабыл көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy на сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, бұрын Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарында жайылатын киік су, шөп іздеп Тасқала, Ақжайық сынды шет жаққа да келетін болған. Фермерлер егістік пен шабындық алқапқа қаптап кететін киіктерді қайырудан да, үркітуден де әбден шаршаған. Өз қалауымен қаптай жайылатын ақбөкендердің саны елімізде 2 миллионға жуықтаса, олардың көбі осы БҚО аумағына тиесілі.
«Менде екі қожалық бар. Екеуінің жерін қосқанда 55 мың гектарға жуықтайды. Қазір егістікпен айналысып келеміз. Күздік бидай, қара бидай өсіреміз. Киіктерден зардап шегіп жатырмыз. Бұрын біз жаққа келмейтін, былтырдан бері Тасқаланың жайлауына дейін жетті. Биыл 450 бас шамасында киіктің алды келді. Былтыр да облысқа бардық, айттық, шағымдандық. Ешқандай қайыр жоқ. Бәрінің айтатыны – бір жауап. «Бәрі ескеріледі, бәрін білеміз» деп шығарып салады.
Егін салдық. Оның бәріне сонша қаржы жұмсалды. Қаншама адамға жұмыс беріп отырмыз. Сонда бізді киіктен кім қорғайды? «Киіктің санына шектеу қойыңдар» деп қожалықтағы адамдардың бәрі айтып келеміз. Санын шектеудің жолын Үкімет өзі ойлап табуы керек. Бізге, қожалықтарға ауыртпалықтарды жүктемей-ақ, жоғарғы жақ өздері шешуі керек емес пе? Егер киік санын шектей алмаса, онда қожалықтардың шабындығы мен егістігін қоршап берсін немесе қоршауға субсидия берсін, өзіміз-ақ қоршап аламыз. Былтыр қоршаған едік, быт-шытын шығарып құлатып, сымдарды үзіп кетті», - деп күйінеді БҚО мәслихатының депутаты Нұртай Жұмашев.
Техникасы мен жұмыс күші жеткілікті шаруалар мыңдаған гектар алқабын қоршауға көшкен. Нұртай Жұмашев 6 вольттық тоқ тарататын сым қоршауларды Түркиядан алдырып, егістікті қоршап шыққан. Алайда қаптаған киіктің жолына ол қоршау бөгет бола алмапты. Амалы таусылған шаруа қожалығының иесі мыңдаған гектар аумақты айналдыра қазуға кіріскен.
«Киіктен зардап шеккен қожалықтарға ешқандай субсидияның ережесі қаралмаған. Мемлекет қаншама қаражат шығарып, арнайы заң шығарып, киікті қорғауға алды. Енді соның пайдасын мемлекет те көруі керек қой. Саны бұлайша көбейіп кету қауіпті, ауру тарап, босқа қырылып қалады. Ондай оқиғалар бұрын да болған, қазір де болып жатыр. Мал өсіріп, егін егіп, ауылға да, елге де пайдамызды тигізіп отырмыз. Ауылды сақтап қалу – шаруалардың қолында. Киіктерге сонша миллиардтарды бөліп баққан кезде, оның қызығын қашан көреді? Қашан халыққа пайдасы тиеді?», - дейді «Болашақ» шаруа қожалығының төрағасы.
Анатолий Доцен дәнді дақылдар, майлы дақылдар өсіреді. Арпа, тары, бидайдан бөлек, мал шаруашылығымен де айналысады. Құс өсіреді, жылқы байлайды. Өзіне тиесілі 3,5 мың гектар жері бар. Былтырдан бастап ақбөкендерден Анатолий де зиян шеге бастапты. Небәрі 150 бастай киік келсе де, алқаптың астаң-кестеңін шығарған. Лизингке комбайн, трактор, өзге де қажетті техникаларды алған. Несие берешегі – 700 миллион теңге. Егістік тағы тапталса, өнімсіз қалып, ай сайын банк алдындағы миллиондаған теңгені төлеуден қағыламын ба деп қорқады.
«Егер көршілерімде орташа есеппен 15 центнер болса, мен былтыр 4 центнер бидай жинадым. Тапталған. Киік өткір тұяқтарымен бидайды таптап жейді. Биыл да оңай емес, кеше таңертең 400-450 бас ақбөкенді көрдім. Мен бірден әкімдікке қоңырау шалдым. Әкімдік комиссия жіберді, олар бәрін тіркеді, суретке түсірді, болды. Әкімдік ештеңе шеше алмайды, нәтиже жоқ. Соңғы екі жылда дәл біздің өңірде ауыл шаруашылығы үшін апат болды. Фермерлер одан қатты зардап шегіп келеді. Жылдар өткен сайын проблема да көбейді. Егер мемлекет фермерлер үшін ештеңе істей алмаса, халықты азық-түлікпен қайтіп қамтиды? Алдағы 2-3 жылда бұл ауыл шаруашылығы үшін ең қиын кезең болады. Ауыл шаруашылығына қазір де апат төніп тұр. Себебі, бидай, өзге де дақылдардың құны төмендеді, есесіне оны өсіру шығындары айтарлықтай өсті. Қосалқы бөлшектер мен өзге де шығындар 20-30 пайызға өсті. Бұл үрдіс жалғаса берсе, оған ақбөкендер қабаттасып, проблемалар күрделене береді. Киік қуудан шаршадық. Мәселе шешілмесе, мал бағу, егін егуді тастайық. Менде 15 отбасы жұмыс істейді, олар қайда қаңғып қалуы керек екен? Мемлекет қалайда бұл мәселенің шешімін табуы керек. Қазіргі жағдай нағыз апатқа апарады», - деді шаруа қожалығының төрағасы Анатолий Доцен.
Мамандардың санауынша, тек БҚО-да киіктердің саны 1,2 миллионға жеткен. Оған биыл төлдеген құралай қосылмайды. Жайылымды қазірден тақырға айналдырған ақбөкендер батыста үй жануарларымен бірге ауылдың іргесінде жайылып жүр. Қосымша шығынға батса да, мыңдаған гектар жерін айналдыра қазып жатқан Жұмашев қара күзге дейін қорғаныс «қамалын» салуды жалғастыра бермек. Ал техникасы жоқ шаруалар жүйке тоздырып, әкімдік пен киікті күзететін инспекторларға жүгінумен күнін өткізуге мәжбүр.
«Тереңдігін 2,2 метр, енін 1,2 метр қылып қазып жатырмын. Бұған дейін Түркиядан әкелген сым арқылы қоршап шыққанмын, оны қиратып кетті. Осы күнге дейін 18 км жерді қазып шықтық. Күзге дейін алқапты айналдыра қазуды бітіремін деп отырмын. Мұның бәрі – қосымша шығын. Жерді қаздырып, мал, киік түсіп кетпес үшін оның екі жағын тағы да қоршаймын. Осының бәріне қосымша 70-80 миллион теңге аралығында ақша кетеді. Қазірге дейінгі шығын 20 миллион теңгеден асып кетті. Мемлекет киіктің басына шектеу қоя алмаса, қоршауға субсидия берсін. Шығынды кім өтейді? Киікті қорғауға алып, санын көбейтті. Ал сонда бізді кім қорғайды? Министрлік пен әкімдік бір-біріне сілтеп келеді. Тіптен егістікке кіріп, өліп қалған киіктерге тиісуге болмайды? Оның сыртында малға, малдан адамға жұғатын аурулардың 4-5 түрін осы киік таратады екен. Онда бәріміз шаруашылықты тастайық та, бәрін киікке қалдырып, көшіп кетейік. Адамның өмірі киіктен құнсыз болып тұр. Мемлекет шұғыл шешім қабылдамаса, мұның соңы үлкен жанжалға апарады», - деді Тасқала ауданының Шежін-2 ауылдық округіне қарасты қожалықтың қожайыны.
Көктемде еккен егістігі тапталып, жайылымы оталған шаруалар бұл саладан мүлдем бас тарта бастаған. Өкпелі, шаруашылықтан күдер үзген қожалықтардың саны бұлай жалғаса берсе, игерілмеген жер көлемі көбейіп кетеді.
«Бұл мәселені қолдайтын кез келді. Шелек толды. Төгілетін кез келді. Кеше сарапшылармен 4 ауданды араладық, пікірін білдік. Жағдайды өздеріңіз де көрдіңіздер. Шекара маңында отырған шаруалар көп. Жәнібек, Бөкей, Казталов аудандары – нағыз киік шоғырланған жерлер. Киіктердің нақты саны да белгісіз. Соны реттейтін кез туды. Соны кім реттейді, қалай реттейді, оны атқарушы билік мойнына алу керек. Бұл жерде әкімшілік, комитет, министрлік, «Охотзоопром», бәрі ой-пікірлерін ортаға салар. Сарапшылармен тағы да Астанада 26-28 мамыр аралығында жиын өткіземіз. Сонда бір шешім шығарады деген ойдамыз. Қоғамдық бірлестік атынан фермерлердің жанайғайын ортаға салып, соңғы 3 жылда арнайы киік мәселесімен айналысып келемін», - деді «Батыс» фермерлік орталығының төрағасы Серік Жарылғапов.