Айбек Смадияровтың айтуынша, бейресми бір ақпарат тараған
Тайландта қайтыс болған жігіт қызын құтқару үшін суға түскен болуы мүмкін. Бұл туралы бүгінгі брифингте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазақстан азаматы қайтыс болды, жүрегі тоқтап қалды. Әрине, жаc организм болғандықтан үміт болды (тірі қалар деген – авт.) Тай дәрігерлерімен сөйлестік. Осыдан екі күн бұрын әке-шешесі Пхукетке ұшып барды. Олар консулдың жанында», – деді ол.
Айбек Смадияровтың айтуынша, 1 маусым күні ауруханадан қоңырау түскен. Оның ауыр халде екені, жан сақтау бөліміне түскені жайлы хабар келген.
«Егер жергілікті билік суға түспеу туралы хабарлама берсе, сол ережелерді сақтау қажет. 3 маусым күні жағажайда Қазақстанның тағы бір азаматы суға батып кетті. оны құтқарып үлгермеген. Оның екеуінің де денесі Қазақстанға жеткізіледі. Құжаттар рәсімделеді», – деді ол.
Айбек Смадияровтың айтуынша, бейресми бір ақпарат тараған.
«Расталмаған ақпаратқа сәйкес, кеше қайтыс болған жігіт қызын құтқару үшін суға түскен. Бірақ оның басында ешкім болған жоқ. Нақты солай болған деп айта алмаймыз. Сондай ақпарат тарап жатыр», – дейді ол.