Несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр
“AMANAT” партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғындарын “Ауыл аманаты” жобасымен таныстырды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Aiqyn.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында “AMANAT” партиясы Үкіметпен бірлесіп, “Ауыл аманаты” жобасын іске қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.
“Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет”, – деген болатын Президент өз Жолдауында.
“Ауыл аманаты” жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр.
Жоба аясында төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:
- “Ауыл аманаты” жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.
- несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;
- несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады;
- номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету.
Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.
“Ауыл аманаты” жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу “AMANAT” партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.
“Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді”, – деді ол.
Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Мысалы, солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Новопокровка ауылында тұратын көпбалалы ана Мушахира Төлебаева.
“Жылыжай шаруашылығым бар. Онда қияр, қызанақ және тағы басқа да көкөністер өсіреміз. Алайда биыл құрғақшылық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Бақшаны ауызсумен суарамыз. Су жинап жатқан кезде ауыл тұрғындары сусыз қалады. Жылыжайға үнемі күтім қажет болғандықтан, кейде тіпті ішерге су таппай қаламыз. Былтыр 520 мың теңгені құрайтын грант ұтып, сол қаражатқа тамшылатып суару таспасын сатып алдым. Кейін шағын консервілі цех ашу идеясы пайда болып, тағы да грант ұттым. Арнайы бизнес-жоспар құрдым. Алайда қайда барып, кімнен не сұрау керектігін білмейсің. “Ауыл аманаты” жобасы арқылы кәсібімді әрі қарай дамыта аламын деп ойлаймын”, – деп жобаға үлкен үміт артатынын жеткізді Мушахира Төлебаева.
“Ауыл аманаты” жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.