×

"Төтенше жағдайлар министрлігі - коррупциялық былыққа батқан жүйе": Өртсөндіруші неге жұмыстан шыққанын айтты

Оның айтуынша, Семейдегі өрт - жемқор жүйеге шыдамның таусылғанының белгісі

"Төтенше жағдайлар министрлігі - коррупциялық былыққа батқан жүйе": Өртсөндіруші неге жұмыстан шыққанын айтты
massaget.kz

Желіде Алматы қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімі қызметкерінің бейнежазбасы тарады. Видеода ол жеке куәлігін көрсетіп, өрт сөндіру саласының біраз кемшіліктерін жайып салды. Қазір Арман Өмірбаев жұмыстан шыққан. Ал Алматы қаласы ТЖД өкілдері қызмет барысында "өзін теріс жағынан көрсетті, қызметтік тәртіпті жиі бұзды, жұмыста салғырттық танытты" деп өрт сөндірушінің өзін кінәлап отыр.  Олар  Өмірбаевтың үстінен бірнеше фактілер бойынша полицияға арыз берілгенін жеткізді.

Бұл видео жемқор жүйеге берілген соққы

Бұл видеоны 2022 жылы қаңтарда түсіргенмін. Өте қиын жағдай... Қасқырдың аузында қалғандай болдық. Өрт сөндірушілерге еш қолдау көрсетілмеді. Полиция өз Аудандық Ішкі Істер Басқармасында алысып жатыр, ал бізде қиыншылықтармен бетпе-бет қалудан стресс, жүйке жұқаруы сынды сезімдер болды. Сол себепті Тоқаевқа жолдау видеосын жаздым.

Ал екінші видеоны осыдан бір ай бұрын түсірдім. Алдын ала дайындық болған жоқ. Бәрі жиналып тұрған кезде смартфонды алдым да жаза бастадым. Әріптестерім тіпті білген жоқ.  Содан кейін басшылық: "Арман мұның дұрыс болмады. Жұмысыңнан айырыласың" деді. Шындығында бұл видео жүйенің өзіне соққы еді. Олар маған жаны ашығансығанмен, өздері үшін қорықты.

Ақордадан мені жұмыстан шығармау туралы бұйрық болған

Жұмыстан шығып кеткенім рас. Өз еркіммен кеттім. Тіпті ел басшысына үндеу жолдағаннан кейін Ақордадан мені жұмыстан шығармау туралы бұйрық болған. "Жұмысын істей берсін" деген.  Қысқаша айтқанда, шенділерге қатысты субординация мен этикалық кодекске сай  артық сөз айтпауым керек. Сол себеп болды кетуіме. Еркін сөйлей алу үшін кеттім.

Жұмыстан мамыр айында шықтым дедім ғой. Бірінші видеоны 21 қаңтар түсірдім. Осы аралықта оларға 1 жыл мүмкіндік бердім, бәрін түзетеді деген үмітті үзбедім. Олай болмады. Сосын кеттім. Өзіңіз ойлап қараңыз, арнайы формасыз қалай жұмыс істейсің? Ең алдымен бұл қауіпсіздік қой. Ал біз осындай күйімізде апат болған жерге келдік дейік, біз кімді құтқара аламыз, біздің өзімізді құтқару керек қой.

Мен сізге айтайын, арнайы киіммен, қауіпсіздікпен қамтамасыз ету өте төмен деңгейде, нөл. Мысалы, жұмысқа кірдім, маған форма берген жоқ, өз ақшама алдым. Апатты  құтқару жағдайларында жұмыс істедім, мысалы, өзен тасыған жағдайларда резина етіксіз, берцымен (қонышы қысқа етік) жұмыс істедім. Судың ортасында қалған адамдар маған қарап, киімімді көріп: "Үсік шалады  ғой өзіңді" деп жыламсырайды. Судан қайта шығарып жатып, аяғымды кептіріп аламын. Ал басшылыққа бәрібір. Олар өз қалталарын ғана ойлайды.

Себебі тендерден қажеттіліктерге ақша бөлінеді. Біздің басшыларымыз жай ғана пешкалар. Мұндай дүние олардан жоғары жерлерден келіп жатыр. Біздің басшылыққа үндеме десе, үндемейді. Патриоттық сезімдері жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі ең коррупцияланған жүйе.

Өрт сөндіруші киімі өрт сөндіруге жарамайды

Ең масқарасын айтайын, синтетикалық боевка (өрт сөндіру формасы) кімді қорғай алады. Сапасыз форма сені өртте құтқара алмайды. Әдемі екені сөзсіз, бірақ жұмыс барысында сапасыздығы байқалады. Құжаттарда көрсетілгендей талаптарға сай емес.

32 жыл болды Тәуелсіздік алғанымызға. Ал қазір президентіміз Тоқаев осының бәрін қалпына келтіру жолында еңбектенуге мәжбүр. Сәбеттік кезеңнен бері барлық қор таусылды, техника да жоқ, оның арты енді көріне бастады. Уақыт өткен сайын осыған дейін болған нәрсенің бәрі ескірді. Бұл коррупцияның нәтижесі. 32 жыл жүрген коррупция. Мен қазір мұнымен күресуге келген жоқпын.

Құтқарушылардың өзіне құтқарушы керек

Менің жақындарым бір жағдайға ұшырағанда бұрынғы әріптестерім келгенін қаламас едім. Себебі олардың өздерін құтқару керек. Менің қалауым ТЖМ-ның  гүлденуі, әріптестерімнің жалақыларының жоғары болуы, себебі олар шахидтер секілді, өлімге бетпе бет келеді. Мысалы, үзілісте бір-бірімізге қарап күліп әңгіме айтамыз, бірақ ішімізден бір-бірімізді енді көрер-көрмесіміз белгісіз екенін ұғамыз. Мені батыл деп ойлайды, кімнен қорқуым керек? Күнде отпен, өліммен бетпе-бет келіп жүрмін. Бар жастардың атынан айтып отырмын. Еліміздің азаматы ретінде айтуға құқығым бар. Ойымды айттым ба, айттым, ал менікі дұрыс-бұрыс екеніне қатысты сәйкес органдар өз шешімін шығара жатар.

Халықтың жауы - жемқорлар

Мен кетпеймін, қоныс ауыстырғым келмейді. Патриотпын. Отанымды сүйемін. Шетелге кетіп қалып, туғандарым мен достарымның осындай елде қиналып жатқанын көргім келмейді. Түзеуге келмейтін жағдай емес. Әрине коррупция көп жерде бар. Өзіңнің тікелей жауапкершілігіңдегіні толыққанды атқарсаң мейлі, ала берсін. Артылғанын. Ал олар керісінше, жей береді. Бір адамға 5 машинаның не қажеті бар? Бәрін құртатын осындай жемқорлар. Ең бірінші халық жауы солар. Егер елде ештеңе өзгермесе мен көшіп кетемін. Мынадайды көргім келмейді. Мұндай жерде тұрудың мәні жоқ.

70 мың теңге айлық алдым

Жұмысқа орналасқаннан бері 6 жылда айына 70 мың теңге ғана алатынмын. Ойлап көріңізші, әйел-баласына жақсы өмір көрсеткісі келетін жас жігіттің жалақысы. Әрине, қосымша ақша табудың көздері бар. Мысалы, такси деген сияқты. Олар біздің аузымызды жабу үшін қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оны жасырып қалуға көмектеседі. Бірақ ол заңсыз ғой. Үкімет біздің осы жұмысқа ғана берілгенімізді қаласа, жағдайымызды жасауы керек қой, қандай да бір жеңілдіктер қарастырылуы қажет. Ал ондай жоқ. Мен несие де, ипотека да ала алмадым. Себебі бізде зейнетақы қоры жоқ. Жалақымыз да аз. Және біз өліммен алысатындықтан, ертең бар-жоғымыз беймәлім, бізге несие бермейді. Мен өлсем, оны кім төлейді?

Бізде өрт сөндірушіні емес шенеунікті элита санайды

Жұмыстан шығар алдында тек бір ай ғана 250 мың теңге алдым. Сосын шығып кеттім. Әрине аз десең, халықтан ұят. Еден жуушылар 70 мыңға күн көріп жүр дейді. Бірақ барлығы еңбегіне сай бағалануы керек емес пе? Еден жуушы 250 мың алса, күнде өліммен бетпе-бет келетін өрт сөндірушілер 500 мың алсын. Бұл біздің таңдауымыз, десек те, жасалатын еңбектің соған сай бағаланғаны дұрыс. Мысалы, өртсөндірушілерді АҚШ-тағыдай элита дәрежесіне жеткізу керек. Бізде элита кім: шенеунік, ҰҚК, антикор. Неге олар? Бәрі соларға ұмтылады. Ал кімнің өртсөндіруші болғысы келеді дейсің?! Біздің мамандыққа кездейсоқ  келген адам жоқ. Олар өз ісімен ауыратын адамдар, құтқаруға құштар жандар. Мысалы, полицияға кездейсоқ келетіндер болады ғой, немесе антикорға. Ал бізде жоқ. Әріптестеріммен сөйлесе қалсам әрқайсысында осы мамандықты қалай таңдағаны туралы бір әсерлі әңгіме естисің.

Қызым ойыншық алғысы келеді, менде ақша жоқ

Қанша өлім, суицидтің себебі солар. Бірінші бұған ақша жетіспеушілігі, екінші басшылықтың қоқан-лоққысы, үшінші туыстардың алдында сый  болмауы. Мысалы, менің әйеліме айтады: "Күйеуің өрт сөндіруші ме? Тиын-тебен табады, қайтіп күн көріп жүрсіңдер?!"  дейді. Ал отбасым мені мақтан тұтпаса, мен қалай құтқарушы боламын?! Адамдарды құтқарғаным не керек, өзім далада өліп қалсам, отбасым қайтіп күнелтпек, баламды кім жеткізеді? Отбасымның көріп келе жатқаны ақшаның жетіспеушілігі. Қызым ойыншық алғысы келеді, ал менің мүмкіндігім жоқ. Барлық өрт сөндірушілер осылай өмір сүреді, тек олар ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер де солай күн кешеді. Әскерилер, дәрігерлер, жедел жәрдем т.б. Менің видеомда тек өз әріптестерім ғана емес, осы барлық мемлекеттік қызметкерлердің жағдайы айтылған.

Қазір сүйген ісіммен айналысып жатырмын

Қазір өзім сүйген іспен айналысып жатырмын. Блог жүргіземін. ТЖ-ға жұмысқа кірмей жатып та 4 жыл видеоблог жүргізгенмін. Автоконтентім бар. Ол жерде де әділеттілік үшін күресемін. Ол жерде адамдарды алаяқ көлік сатушылардан сақтандыратын едім. Instagram-да 34 мың, tik-tok-та 15 мың оқырманым бар.

Семейдегі өрт – жемқор жүйеге шыдамның таусылғанның белгісі

Семейдегі өрт жемқор жүйеге шыдамның таусылғанының белгісі. Семейдегі өрт басталғанда әріптестерім кетті. Мен осының бәрін білгендіктен көлігіме отырып, Семейге кеттім. Әлеуметтік желіге өрт сөндіруге кетіп бара жатқанымды айтып, видео салдым. Халық 70 мың теңге жинап берді. Оның бәріне азық-түлік сатып алдым. Өрт сөндірушілерге не керек екенін білемін. Посттан өткізбеді. Әкімнің өзі ештеңе шеше алмады. Жергілікті тұрғындардан жолды сұрап алып, постты айналып өттім. Әскерилер байқап қалып қуып келді. Бірақ өрт сөндірушілерге жеттім. Азық-түлікті тараттым. Семейдегі өрт сөндірушілерге халық қана көмектесті. Ол жерде тіпті далалық асүй болған жоқ. Мұндай кезде аспаздар далада бізге тамақ дайындап беруі керек. Өрт сөндірушілер ыстық тамақ жеуі қажет. Мен жұмыс істеген бөлімдегі далалық асүй көлігінің желі шығып жатыр.

Семейде фейк ақпарат арқылы өз пайдасына жұмыс істегендер болды

Семейде фейк ақпараттар көп болды. Мен өз көзіммен көрдім ғой. Кейбір адамдар өтірік ақпарат таратып, халықты көтергісі, елге іріткі салып, бірлігімізді ыдыратқысы келді. "Ормандағы ағаштарды кесіп жатыр" деген сыбыс шықты. Барып қараймын, ешкім ағаш кесіп жатқан жоқ. Инернеттегі сурет ескі екен. "Қайтадан жанып жатыр" дейді. Тағы барамын. Ешқандай өрт жоқ. Елдігімізге қауіп төндіргісі келетіндер бар.

Бұл жүйеде қызмет еткім келмейді

Биыл Санкт-Петербургтағы ТЖ оқу орнын бітіруім, диплом қорғауым керек еді. Бірақ сол кезде Астанаға кетіп қалдым. Келер жылға қалды. Дипломы бар құтқарушы болып, Отанға қызмет еткім келген. Қандай сарбаз генерал болғысы келмейді? Бірақ бұл жүйеде қызмет еткім келмейді. Қол астымдағы қызметкерлердің, халықтың қалай қиналып жатқанын көргім келмейді.  

Дереккөз: Massaget.kz

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бишімбаевтың ісі: келесі сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды
Бүгін, 12:30

Бишімбаевтың ісі: келесі сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды

Экс-министрге қатысты кезекті сот отырысы қашан өтеді
Оның өмір жолы – барша қазақстандықтар үшін үлгі
Бұл күні акцияға қатысушылар 200-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →