×

Елімізде электр энергиясының бағасы қымбаттайды

Тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейді

Елімізде электр энергиясының бағасы қымбаттайды
Ашық дереккөздерден

Үкімет отырысында Әлихан Смайылов тарифтерді өсіру қажеттілік болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-тен 30%-ке дейін өседі. Бұл – барынша ұстамды тариф. Онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту мүмкін емес. Тариф мәселесінде біз барлық жақтың да мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруміз керек»,- деді ол.

Айта кететін бір жайт, тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейді. Бұл мәселе жан-жақты пысықталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі берілуде.

«Коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нен асып кеткен жағдайда төленеді. Қазір орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізуде.  

Үкімет басшысы берген мәліметтерге сүйенсек, станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келді, сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салған жоқ.

«Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асырылды. Ал, энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Металл мен құбырлар,   арматура мен электротехникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы   айтарлықтай өсті»,- деді ол.

Сондай-ақ ол жалақының төмен болуына байланысты энергетика саласынан білікті мамандар жаппай кете бастағанын айтты. Өйткені кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмай отыр.

«Бұған қоса, 2021 жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы пайда болды. Біз электр қуатын ұлғайтуға тиіспіз. Сондықтан, тарифтерді өсіру – қажеттілік»,- деді ол. 

Сондай-ақ ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі екенін баса айтты. 

«Оны жақында ғана Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында орын алған   апаттан да анық байқадық. Апаттың салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Екі өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары айтарлықтай зиян шекті, олардың көпшілігі 2 тәуліктен артық жұмыс істемей тұрды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты тек үшінші тәулікте ғана іске қосылды»,- деді ол. 

Премьер-Министр өткен жылыту маусымында шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардың көп болғанын атап өтті.

«Барлық инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет. Себебі, олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан, тіршілікке қажетті жүйелерді тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты ұсынылды»,- деді ол. 

Смайылов берген ақпаратқа сәйкес, бұл тәсіл энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Кеше, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →