Алматы қалалық азаматтық қорғау басқармасының аға офицері подполковникпен сұхбаттастық
Өрт сөндірушілер үнемі білімі мен шеберлігін жетілдіріп тұруы тиіс. Алматыда 17-19 маусым аралығында өрт сөндіру командаларының командирлері өз білімін жетілдірді. 16 сағаттық сабақ барысында 64 тыңдаушы табиғи өрттердің алдын алу бойынша негізгі іс-қимылдарды үйренді. Дәріс тыңдаушыларға сабақ бергендердің бірі – Алматы қалалық азаматтық қорғау басқармасының аға офицері подполковник Бекболат Бұғыбаев болатын. Qaz365.kz тілшісі білікті маманмен аз-кем әңгімелескен еді.
Бекболат Бұғыбаев Алматы облысының тумасы. Алматы қаласында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген. 2016 жылдан бері осы салада. Қазіргі кезде Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері. Бес баланың әкесі.
– Бекболат Мұхитдинұлы, бұл біліктілік курсы жыл бойы жалғаса ма?
– Тек тамыз айында каникул болады. Қалған 11 айдың бәрінде сабақ өтеміз, жұмыс істейміз. Демалыс жоқ.
– Бір курсқа қанша адам қатысады?
– Бізде апта сайын оқиды. Бір курсқа шамамен 30-50 аралығында адам қатысады. Ең көбі 60 болды.
– Сонда кімдерді оқытасыздар?
–Азаматтық қорғау заңына сәйкес, Алматы қаласында жұмыс істеп басшыдан бастап, қатардағы жай қызметкерлерге дейін келеді. Олардың ішінде әр бөлімге жауаптылары болады. Төтенше жағдай кезінде жасаққа жауап беретіндері бар. Солардың бәрін оқытамыз.
Өрт болған сәтте күш құрылымдары келетінін білесіздер, оған дейін осындай жасақтар өзінің объектісінде барынша әрекет етуге тырысады. Эвауакция, өртті өшірмесе де, адамдарды сыртқа шығарып, тоқты өшіріп дегендей дайындыққа ат салысады.
– Ол жасақтың құрамына кімдер кіреді?
– Азаматтық қорғау жасағы болуы тиіс. Ол жасаққа кімдер кіретінін айтайын. Құрамында бес команда болуы керек. Атап айтсақ, құтқарушы команда, өрт командасы, ниццерландыру қызмет командасы және медициналық пен байланыс командасы. Соңғысы, төтенше жағдайлар болған тұста ұйымдарды толыққанды бәрін құлақтандыру керек. Байланыс командасы – сигнализацияларды немесе сиреналарын қосады.Сигнализация қосқан кезде қызметкерлердің бәрі мына сыртқа шығу керек екенін білетін болады.
Одан бөлек, қала әкімі және оның орынбасарлары, аудан әкімдері де келіп, төтенше жағдайға байланысты курсқа қатысады.
Бізге көп келетіні – балабақшаның қызметкерлері. Ата-ана, мұғалім, тәрбиешілері бәрі сабағымызға қатысып жатады. Мектептен де оқитындар бар. Ал жоғары оқу орындарының мұғалімдері жолай бермейді. Шыны керек, белсенді қатысатындар сол балабақша мен мектептің қызметкерлері.
Мектептегі мұғалімдер бойынша бізде категория бар. Мысалы, дене шынықтыру пәні мұғалімдері осы екі-үш жыл бұрын қосылды. Оған дейін жоқ болатын.
Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсыныс жазып, заңдарға өзгеріс енгізгенбіз. Мұғалімдердің келуін сұрағанбыз. Сосын біздің өтінішіміз бойынша еріктілер де қосылды. Олар көбінесе төтенше жағдайлар болған жерде жүреді. Қарапайым халықпен араласады. Қарапайым адамдарға көмектеседі. Оның ішінде гуманитарлық көмекті де береді. Елмен байланыста. Сондықтан оларды оқыту керек деген ұсынысты жіберіп едік. Заң бойынша бекітті.
– Оқытудың формасы қандай? Ең бірінші нені есте сақтау керек? Жалпы қарапайым халық білу керек негізгілеріне тоқталсаңыз? Өйткені барлық жерде сіз оқытқан адамдар жүре бермейді...
– Оқу курсының бекітілген өзіндік бағдарламасы бар. Сол бойынша үйретеміз. Одан бөлек, практикалық жағдайлар бойынша тәжірибемен бөлісеміз. Өздеріңіз білесіздер, осы күні түрлі-түрлі төтенше жағдайлар болып жатыр. Өрт, терезеден балалардың құлауы, суға батып жатқан балалар бар. Соңғы 3 жылда 3 мыңнан астам адам суға батып кеткен. Осындай ақпараттармен бөлісеміз. Атам қазақ айтқандай сегіз қырлы, бір сырлы болды деп айтамын оқу курсында. Балалардан бастауға шақырамын. Баланы жүзуге де, атқа мінуге де, домбыра тартуға үйрету қажет. Оқу кезінде үлкен аға-әпкелеріміздің арасында жүзе алмайтындары бар. Ешкім үйреткен жоқ дейді. Аяқ асты туыс жақындарынның бірі суға батып кетсе не істейсіздер деп сұраймын. Суға түсеміз дейді. Суға түскеннен пайда жоқ екенін айтамын. Суға түсіп, өзіңізді батырғанша барынша қолыңызда қандай ағаш болсын, жіп болсын, солай көмектесу керек. Адам деген тез үрейленеді, қорқыныш басталады. Адам үрейленген кезде, ойланудан қалады. Сосын айыппұл салады деп қорқып, өрт болғанда өрт сөндірушілерді шақырмайтын сәттері бар. Сөйтіп, өзіміз өшіреміз деп, қасындағы көршілерін ұмытып кетеді. Айыппұлдан қашып, адам өліп кеткен кездер бар. Ең бірінші, қандай жағдай болсын да қорықпай, саспай хабаласу керек деймін.
Мен айлық алған кезде балаларыма кішкене ойын өткіземін. Орысша айтқанда «закрепить» ету үшін әрбір дұрыс қойылған сұрағыма жауап берсе мың теңге деймін. Мысалы, біз үйде жоқпыз,сырттан құлыптап кеттік, бірақ кілтті тастап кетеміз деп айтамыз. Солай тексеремін. Үйде кино, мультфильм көріп жатқанда, аяқ астынан тоқтан ақау пайда болып, өрт шықты. Теледидар өртеніп жатса, не істеу керек деп сұраймын. Балам теледидарды өшіремін деп жауап берді. Яғни бала қашуды емес, ата-анасы ұрысады дегенді ойлап тұр. Оларға ешқашан өшірмеңдер, күштерің жетпейтінін айтамын. Сондықтан ең бірінші есікті ашасыңдар, көршілерден көмек сұрайсыңдар деп ескертемін. Мүмкіндік болса, 112 немесе 101 деген нөмірге телефонмен қоңырау шалып, өрт болып жатыр деп хабарласыңдар деп үйретемін. Сондықтан балаларды кішкентай кезінен тілі шыққаннан үйдің мекен-жайын, аты-жөнін айтатындай етіп үйрету керек. Осылай практика ретінде қолданған кезде балалар жаттап алып, тақылдап айтып тұрады.
Өйткені өмірде балаларын үйге тастап, сыртынан құлыптап кететін жағдайлар жетерлік. Адамдардан балаларын үйге тастағанда, неге кілтті балалардың өздеріңе немесе көршілерге бермейсіңдер деп сұраймын. Есікті ашып, шығып кетеді деп қорқады. Бірде Алатау ауданында ата-анасы сыртынан құлыптап кеткен екі бала мерт болды. Олар құдайы тамаққа кетіпті.
Көршілер кірейін десе есік жабық. Терезеден кірейін десе терезеде решетка тұр. Сөйтіп балтамен ашып кіргенше қара түтін болған. Дегенмен адам өрттен өлмейді, улы газдан қайтыс болады. Адамдарға «аяқ астынан өрт шықты, қалай құтқарасыздар?» деп сұраймын. Ойбай, құдай сақтасын дейді. Иә, сақтағанды сақтайды.
Бәріміз Алматы қаласында сейсмикалық жерде тұрамыз. Жер сілкінген кезде ең бірінші далаға, ашық алаңға шығу керек. Көбісі метроға, жертөлеге тығылу керек деп айтады. Бұл жерде жарылыс пен жер сілкінісін шатастыратындар көп. Жарылыс болған кезде тығылу керек дегенді естіп алғандар ғой.
Ең бірінші сіз сыртқа шығу керексіз. Балаларды тәттісін алып берем немесе ақша берем деп 15-20 секундта далаға шыға аласың ба деп үйрету қажет. Келесі де өздері әке айлық алдың ба, қашан ойнамаймыз деп сұрап жатады. Сондықтан кез келген тыңдаушыларға біз мына сабақтан тыс бөлек өмірдегі практиканы айтқан кезде слайдтағы дүние екі есе, бес есе қызық болып жатады.
Мен үнемі үйден бір-екі сағатқа ғана шықсам да суды, газды өшіріп кетемін, соны әдетке айналдырғанмын. Сосын жатар кезде wi-fi-ды тоқтан суырып тастаймын. Мүмкіндігінше токтың барлығын өшіремін. Кейбір адамдар телефонын токқа қосып қойып ұйықтайды. Электр қуаты жарылған кезде адамдар сезбей қалуы мүмкін. Өрт болатын болса, улы газдан адам оянбайтын қалады. Мен өзім Отарда тұрғанмын. Әкем де анам да әскери адам. Үйде газ жоқ, жылу жоқ болатын. Жарықты 10 сағатқа ғана береді. Кешке сол кезде үйде қалай жылытамыз деп пеш қоятынбыз. Отардағы әскери қалашықтағы үйлердің бәрінде пеш болатын. Балалар жататын жерге пеш қойып беретін. Бірде сыныптасымның інісі түнгі ауысымдағы жұмысына барған. Таңертең үйіне кірсе, есікті ешкім ашпайды. Сөйтіп, балконнан кірсе екі баласы, әйелі қалай ұйықтап жатыр, сол ұйықтап жатқан жерінен улы газдан қайтыс болған. Ешқандай өрт болмаған. Адам темекі шеге беретін болса, өкпесі толатыны секілді пештің де тұрбасын жылына бір рет болсын тазалап тұру керек. Тұрбаны тазаламаса улы газ ішкі қарай кетеді.
– Осы ретте көліктерге қатысты айтсаңыз?
– Қыс кезінде гаражда көлікті оталдырады. Сөйтіп, гаражды жабады. Анау пайдаланылған газдар гаражға толады. Сосын көліктің ішіндегі фильтрден улы газ болып қайтып өзіне келеді. Ондайда гараждың жарты есігін ашып қойыңыз. Егер жабатын болсаңыздар ішінен улы газдан адам өліп те кетеді.
Сол сияқты көптеген ақпараттар айтып жатамыз. Кеше мысалы, Таразда көпбалалы отбасының екі жасар қызы әжетханаға түсіп кетіпті. Бізде тамызда демалыс болса да жаңа сабақ өткізіп келе жатырмын. Сабақта құлайын деп тұрған ағаш, ашық жатқан кәріз құдығы көрген кезде неге 112-ге хабарламасқа деп айтамыз. Осындай мекенжайда жерде кәріз құдығыны беті ашық екен, біреулер түсіп кетеді деп хабарлау қажет. Үлкен адамдар мейлі, кішкентайларға ешкім айтпайды, үйретпейді. Оларды дайындау керек. Үйде «тройниктерге» бәрін тыға береміз. Қысқатолқынды пешті, шаңсорғышты да қосады. Сондай жоғары қуатты болса қысымға сым тоғы шыдамайды. Сөйтіп, қысқа тұйықталу басталады. Өрт болады. Осындай жағдайлар болмау үшін автомат қойыңыздар.