×

Тараздағы "аруақтар соты": Қаңтарда қаза тапқан бес адамның біреуі ақталды

Ал қалған айыпталушыларды "кінәлі" деп санаған алғашқы инстанциядағы сот үкімі өзгеріссіз қалды

Тараздағы "аруақтар соты": Қаңтарда қаза тапқан бес адамның біреуі ақталды
Азаттық радиосы / Мәншүк Асаутай

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болып, кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін" кінәлі саналған марқұмдардың ісі бойынша апелляциялық соттың шешімі шықты. Қаңтар оқиғасында өлген бес адамның бірі Нұрсұлтан Қуатбаев ақталды. Судьялар тергеу барысында оның кінәсі толық дәлелденбегенін айтты. Ал қалған айыпталушыларды "кінәлі" деп санаған алғашқы инстанциядағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Қоғамда "Аруақтар ісі" атымен танылған процесс Тараздағы тергеу изоляторы ғимаратында өтті. Әуел баста оған марқұмдардың туыстары қатыспайтын болған. Олар процестің тергеу абақтысында өтуіне қарсылық білдіріп, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжановқа шағымданған.

Апелляциялық соттың кезекті отырысы тергеу изоляторында өтеді дегенді естігеннен-ақ марқұмдардың жақындары бұл шешімге қарсы болған. Сотталған марқұмдар - Тоқтар Ошақбай, Нұрсұлтан Қуатбаев және Ержан Байжановтың адвокаты сотқа процестен бір күн бұрын өтініш жазып, талап-тілектерін білдірген еді.

Алайда судья Нұрмұхаммет Абидов бастаған сот алқасы шешімін өзгерткен жоқ. Сондықтан сотталғандардың жақындары облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжановтың қабылдауына кіріп, талап-тілектерін айтты. Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарияева "Сотты тергеу абақтысында өткізу - өлгендерді қорлау" деді. Психологиялық күйзелісте тұрған ол сөзін аяқтамай жатып талып қалды. Сот ғимаратына жедел жәрдем шақырылып, Закарияеваның қан қысымы көтерілгені белгілі болды.

Өлгендердің туыстары ақыры тергеу изоляторына барды. Себебі, процеске қатысып отырған адвокаттар бүгін шешім шығатынын айтқан.

Сонымен, 24 мамырда басталып, бүгін аяқталған апелляциялық соттың шешімі бойынша бес марқұмның бірі – Нұрсұлтан Қуатбаев ақталды. Судьялар оның кінәсі тергеу барысында толық дәлелденбегенін айтты. Ал қалған айыпталушыларды "кінәлі" деп санаған бастапқы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Марқұм Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков сот ақтаса да шешімге көңілі толмайтынын білдірді. Ол өлгендердің бәрін ақтау керек деп санайды.

Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарияева кассациялық шағым түсірмекші.

- Әділетсіз шешім шықты. Судьялар істі осыншама уақыт қараса да ақ-қарасын ажырата алмағанына күйінемін. Енді Жоғарғы сотқа жүгінемін. Баламды ақтап алмайынша тоқтамаймын, - деді ол.

Ақпанның басында алғашқы инстанциядағы сот Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайды кінәлі деп таныған. Қаза болуына байланысты оларға жаза белгіленбеген. Тергеу органдары оларды Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айып таққан.

Алғашқы сот инстанциясындағы судья Бағдат Төребекұлы шығарған үкімде айыпталғандардың бәрі былтыр, 2022 жылы қаңтардың 6-сына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқаны", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтағаны, тасымалдағаны жəне алып жүргені" айтылған. Өлгендердің туыстары бұл айыппен келіспейді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →