Бұрын хабарланғандай, 4 орын емес
Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов ұлттық пантеон құру жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Пантеон жобасы әлі аяқталған жоқ, қазіргі уақытта жобаның бірінші бөлігін іске қосу жұмысы аяқталып жатыр. Сондықтан, бірінші жоба аясында біз ол жерге бардық, көшпелі кеңес жасадық. Бүгінгі таңда пантеон бойынша төрт орын емес, 40-тан астам орын бар», – деді Е. Қаналимов Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, орын саны жеткілікті. Өйткені пантеон бойынша Үкіметтің қаулысымен бекітілген жеке ереже мен тәртіп бар.
«Мұнда резонанстық шу көтерудің қажеті жоқ. Пантеон басқа елдерде де бар. Бұл - стандартты процедуралар. Бұл мемлекеттік ауқымдағы мәселелер, өйткені мұндай пантеондар ТМД елдерінде, Мәскеуде, Бакуде және басқа да қалаларда бар. Бәлкім, пантеонның атауын басқаша қоюды ойластыратын шығармыз. Бірақ бұл министрлікпен және әкімдікпен бірлесіп талқыланады. Қазіргі уақытта ол жерде орын жеткілікті. Жобаны іске асыру бойынша жұмыстар одан әрі жалғасады», – деп толықтырды спикер.
Бұған дейін мәслихат отырысында Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы ұлттық пантеондағы 25 орынның 21-іне адам жерленгенін, тиісінше 4 орын ғана бос қалғанын айтқан еді.