Пирамиданың төбесінде апалар жүр
«Біздің халыққа не болған? Жабайылықтың, мәдениетсіздіктің көкесін көрсеттік!» деп ашынды журналист Оңғар Қабден әлеуметтік желідегі парақшасында, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған Астана қаласында өтіп жатқан Тәжікстан Республикасының мәдениет күндері аясындағы шаралардың бірінде елордалық тұрғындардың жеміс-жидектерге таласып жатқан видеосы себеп болған.
ВИДЕО мына жерде:
«Астанада Тәжікстанның мәдениет күндері өтіп жатыр. Соның аясында тәжік ағайындар жәрмеңке жасап, жеміс-жидектен пирамида, кілем өрнектеп, қазекеңе ауыз тиіңдер, алыңдар деген ғой. Жабайылықтың, мәдениетсіздіктің көкесін көрсеттік! Африканың өзінде бұлай істемейтін шығар. Пирамиданың төбесінде апалар жүр. Кейбіреуіміз менсінбейтін, өзімізден төмен санайтын тәжік ағайындардан әбден ұят болды. Жағаларын ұстапты.
Пейіліміз бұзылып барады. Бір қауыннан, болмаса бір уыс өрік мейізден байып кетпейсің. Қарның да тойып кетпейді. Сонша не болды ашкөзденіп? Ойбай, билік кінәлі, әкімдік кінәлі дейміз. Осы жерде кім кінәлі?» - депті журналист парақшасында.
Жазбаның астына қалдырған пікірлерге қарасақ, оқырмандар да автордың ойымен келісетін сыңайлы.
«Халықты ашкөздіктен, немқұрайлылықтан алып шығып баяғы бекзаттық, жауынгерлік руһқа жеткізетін лидер керек», «Мемлекеттің де, биліктің де, қымбатшылықтың да халықтың мәдениеттілігіне, ашкөздігіне дым қатысы жоқ! Қай жерде ашылу салтанатына орай фуршет қойылса да, пакеттерін арқалап жүретін өзіміздің қазақтар ( әйелі бар, еркегі бар)...», «Түк көрмегендей, не болған мына жұртқа?!», «Ата-бабасы аштан өлген қазақтар-ай!», «Аштық жылдарының зардабы кетпегендей, сұмдық екен. Мәдениетіміз,тәрбиемізді көрсеттік, қарауға көз ұялады...», «Пейіл бұзылды...», «Ұят-ай!», – деп жазыпты желі пайдаланушылары.