Бүгін Талдықорғанда белгілі журналист Бейсен Құранбектің есімі журналистер үйіне берілді, деп хабарлайды qaz365.kz
Шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, телевизия ардагері Қайнар Олжай арнайы келіп қатысты. Олар тарихи күнде Бейсен Құранбектің қазақ телевизиясына қосқан үлкен үлесін тілге тиек етіп, жылы естеліктер айтты.
Бейсеннің елгезек, кішіпейіл, жанашыр да жарқын бейнесі бәріміздің көз алдымызда. Оның өзгелерге деген қамқорлық қасиеті ерекше болатын. Ол Абайдың «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» - дегенін үнемі жадында ұстады. Азаматтығы, ұлтжандылығы, отаншылдығы өз алдына бір төбе еді,- деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исаев.
«Айтуға оңай» бағдарламасымен халқының жүрегінен орын алып, сүйікті тележүргізушісі, халқының жанашыры болған Бейсен Құранбек осы есімі берілген журналистер үйінің салынуына тікелей атсалысқан азамат.
Бұл ғимаратта «Жетісу телеарнасының», облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің ұжымдары, сондай-ақ республикалық телеарналардың өңірдегі тілшілері отырады.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған.
Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.
2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды.
2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды.2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді.
2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.
Қазақстан президенті сыйлығын 2006 жылы алған және «Қазақстан мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған.
Бейсен Құранбек 2020 жылы 18 мамырда таңертең Талдықорған қаласында ауыр науқастан қайтыс болды.
Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.