2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмысын бастайды
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмысын бастайды. Яғни Қазақстандағы 6,7 млн баланың бәрінің шотына Ұлттық қордың бір бөлігі аударылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түпкі сома әр балаға қаншадан тиюі мүмкін? Бұл сұрақ қазір Қаржы министрлігіне де, сарапшы-экономистерге де қойылып жатыр.
Бүгін Сенат кулуарында Қаржы министрі Дәурен Темірбековке бұл сұрақ тағы қойылды.
«Жалпы Ұлттық қор Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. 2020 жылдан бастап орташа инвестициялық табыс 3 пайызды құрады. Қазір балаларға бөлінетін 50 пайыз дегеніміз – Ұлттық қордың инвестициялық табысының орташа мөлшері алынатын болады. Бүгінгі таңда 2005-2023 жыл аралығында инвестициялық табыс 2,6 пайызды құрады», - дейді Дәурен Темірбеков.
Мәселен, Ұлттық қордың мөлшері қазіргі таңда 57 млрд АҚШ доллары. Соның 2,6 пайызы – 100 пайыздық инвестциялық табыс. Дәл сол инвестициялық табыстың жартығы Қазақстандағы 6,7 млн балаға бөлінеді. 2024 жылы 1 қаңтарда қанша бала болады – соның бәріне бөлінеді.
Десе де Дәурен Темірбеков 2024-2042 жыл аралығында 18 жасқа дейінгі балаға қанша сома түсетінін нақты айта алмады.
«3 мың доллар бола ма, 4 мың немесе 5 мың доллар бола ма – біз айта алмаймыз», - дейді ол әр жылдары инвестициялық табыс әртүрлі болуы мүмкін екенін ескертіп.
Бұл жөнінде Qaz365.kz тілшісі белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін біліп көрген. Сарапшы бұл есеп дұрыс екенін, Ұлттық банк өкілдері бір жылдық түсімді есептеп, кейін оны 18 жылға көбейтіп 3 мың доллар болады деп хабарлағанын еске алады.
«Бірақ ол нақты емес, себебі ұлттық қордың түсімдері 57 млрд доллардан асып кетуі мүмкін, сол сияқты инвестициялық түсімдері де 2,5 пайыздан 7-8 пайызға өсуі мүмкін. Ондай жағдайда балаларға түсімдер де еселенеді. Немесе дәл қазіргідей үкімет ұлттық қорды талан тараж ете берсе 57 млрд доллардан түсіп кетуі мүмкін дәне инвестициялық түсімдер де болмауы да мүмкін. Ондай жағдайда балаларымыздың шотына тиын да түспейді», - дейді ол.
Мақсат Халық экономист ретінде Ұлттық қорға шет ел асқан активтерді қайтарсақ осы қорға түсіру керек деген ұсыныс айтады. Қазір елден заңсыз асқан қаражат 200 млрд долларға бағаланады, соның 100 млрд долларын Ұлттық қорға аудара алсақ, ол 157 млрд долларға жетіп, осы активтерді тиімді басқара алсақ инвестициялық кірістілікті Норвегиядағыдай 7-8 пайызға жеткізуге болады деп есептейді.
«Сол уақытта біз келер ұрпаққа лайықты қаражат жинай алған болар едік», - дейді ол.