×

Алматыда ерекше балаларға арналған инклюзивті мектеп ашылды – тиімділігі қандай

Бостандық ауданынан инклюзивті мектептің бөлімшесі ашылды

Алматыда ерекше балаларға арналған инклюзивті мектеп ашылды – тиімділігі қандай

Бостандық ауданында ерекше балалар үшін «Педагог академиясы» қоғамдық бірлестігі инклюзивті мектеп бөлімшесінің ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шараға Алматы қаласының Мәслихат депутаты Алтынай Көбеева, «Аутизм – жан әлемі» қоғамдық қорының  директоры Шолпан Сүгірбекова, Бостандық ауданы әкімшілігінен Дина Болатбекова мен ерекше балалардың ата-аналары және БАҚ өкілдері қатысты. 

Мектеп басшылығының айтуынша, ерекше балаларды біржола емдеу мүмкін болмаса да, тұрақты коррекциялық жұмыстың нәтижесінде таным, ақыл-ой процестерінің жұмысын жақсартуға болады.

Әлемі бөлек балалардың болашағына алаңдап, «ҚР-ның Заңнамасына сай, олардың да қалыпты балалар секілді толыққанды білім алуға құқы бар» деп мектеп ашқан Нұрым Нұрғалиев – «Педагог академиясы» мен «Балалар инклюзивті академиялық бірлестігінің» төрағасы, педагог, ерекше баланың әкесі.

«Ерекше балаларға күн сайын түзету жұмыстары қажет. Бұл біздің Алматыдағы алғашқы филиалымыз болғанымен, соңғысы болмайды деп сенемін. Алда Алатау,  Алмалы, Түрксіб аудандарынан осындай бөлімшелерімізді ашуға ниеттіміз. Себебі балалар жолға ұзақ уақытын жоғалтпай, шаршамай сабаққа келсе ғана тиімді нәтижеге қол жеткізеді. «Балалар инклюзивті академиясы» қоғамдық бірлестігіміздің жанынан құрылған бұл бөлімше бүгінде тек Алматыда ғана емес, сондай-ақ Рудный, Орал, Тараз, Қарағанды, Петропавл қалаларында да осындай 500-ден астам ерекше балаларға тегін арт-терапия үйірмесі мен түзету кабинеттерін ашып, жұмысымызды бастап кеттік. Қысқа дейін Орал, Қостанай және Петропавл қалаларынан лицензия алып, үлкен мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы Қазақстаннның 20 аймағынан ерекше балаларымыз үшін тегін  бастауыш мектептер ашуға барымызды саламыз», – деді Нұрым Нұрғалиев.

Мектептің тиімділігі қандай

Аталмыш қоғамдық бірлестіктің инклюзивті мектебінің жанынан құрылған бөлімшеде әзірге 4 кабинет қана бар. Логопед, дефектолог, психолог және ЛФК мамандары 7 күн бойы таңғы сағат 9-дан 6-ға дейін үздіксіз ерекше балалармен жұмыс істейтін болады. Қазір мектепте жалпы 108 бала оқиды. Оның ішінде 70%-ы – үйде оқуға кеңес берілген балалар.

«Қыркүйектен бастап, «Үйден тыс оқыту» деген әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асырдық. Негізінен, бастауыш сыныптың үйде оқуға кеңес берілген баласына заң бойынша 8 академиялық сағат қана бөлінеді. Біз оның уақытын екі есеге көбейттік. Мектепте балалар әр жарты сағат сайын 4 маманнан қатар білім алатындықтан, бұл – өте тиімді оқыту әдісі. Ерекше баланың шаршамауына басты назар аударғандықтан да, мектепке келіп білім алатын баланың коммуникациясы жақсарады. Бөлімшеде қазір 30-ға жуық бала оқиды. Одан бөлек Білім басқармасына 100 балаға коррекциялық түзету жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік тапсырысқа өтінім бердік», – деді Нұрым Нұрғалиев.

«Мен «Педагог академиясының» жұмысымен толық танысып шықтым. Нұрым мырза өз ісін ерекше құлшыныспен жасайтын, мықты маман. Біздің ерекше балаларымыз дәл осы мектепте сапалы білім алып, ата-аналарын қуанта берсін. Күн сәулелі баланың 24\7 қасынан табылатын – өздеріңіз. Дәл осындай перзенті барын мақтан тұтатын саналы әке-шешелер көбейе берсін. Сіздердің балаларыңызға деген ерекше сүйіспеншіліктеріңіз бен қолдауларыңыз оң нәтижеге шығу үшін өте маңызды. Ұстаздарымыздың да еңбегі еленіп, дәл осы мектеп көпшіліктің сұранысын тудыратындай кеңейе берсін. Білім ошағында көпшілікке бірдей қолжетімділік туындауы үшін демеушілер саны арта түссін. Тағы да құтты болсын!» – деді Алматы қаласының мәслихат депутаты, қоғамдық кеңестің төрайымы Алтынай Көбеева.

«Ортақ мүдде ғана бізді біріктіреді»

Инклюзивті білім берудегі қиындықтарды жеңу мақсатында бүгінде ерекше балаларға арналған мектептер мен балабақшалар, коммерциялық емес қорлар мен қоғамдық бірлестіктер бірігіп, осы саладағы күрмеуі көп мәселенің шешімін табуға тырысып-ақ келеді.

«Біздің ұстанған бағытымыз да, мақсатымыз да – бір. Ортақ мүдде ғана бізді біріктіреді. Нұрым мырзамен танысқаннан бастап, оның балаларға деген шынайы жанашырлығын, энергетикасын бірден байқадым. Бостандық ауданындағы ең әдемі локациядан инклюзивті мектептің ашылып жатқанына қуанып тұрмын. Ұстаздарымыз бен ата-аналарымыздың темірдей төзімі таусылмай, ерекше балаларымызды әлеуметтендіру үшін барымызды салайық», – деді Аутизм – жан әлемі» қоғамдық қорының  директоры Шолпан Сүгірбекова.

Ерекше балаларға бірлестіктер тегін жолдамалар сыйламақ

Айта кетейік, Бостандық ауданынан ашылған мектеп бөлімшесіне, негізінен, тіл кемістігі бар балалар келеді. Оның ішінде басқа білім беру мекемелері қабылдамаған немесе ұстаздардың ата-аналардың үйіне келіп оқыту форматы ұнамағандарға мүмкіндік туғызып отыр. Одан бөлек аутизм, зерде бұзылысы бар ЗПР секілді  диагноздары қиын балалармен де кешенді тегін жұмыс істеуге ниетті.

Сонымен қатар «Педагог академиясы» Бостандық ауданы бойынша арт-терапия жұмысы үшін 240 балаға өтінім жолдап үлгерген. Алда «Аутизм – жан әлемі» қорымен бірлесіп, осыған қатысты бірқатар жобаларды жүзеге асыруды бастап кеткен.

«Мәслихат депутаты екі апта бұрын ғана онлайн семинар өткізді. Сонда көптеген қоғамдық бірлестіктер бірауыздан Алматы қаласы бойынша ассоциацияның құрылуына ықпал ететіндіктерін жеткізді. Жақында балаларды тегін «Дельфинарияға», «Лесная сказкаға» алып барды. Біз ата-аналарға хабарлап, бабаларының тегін мүмкіндікті пайдалануына жол ашамыз. Тағы бір қор  киім-кешек жағынан бірігіп, көмек көрсететін болады. «Жалғыздың үні шықпас» деген. Сондықтан да біз ортақ мүдде үшін бірігіп, жұмыстар атқаратын боламыз. Негізгі мақсатымыз –  еліміздің 20 өңірінде де инклюзивті білім беретін тегін мектеп ашу», – деді Нұрым Нұрғалиев.

Шара барысында Бостандық ауданы әкімдігінен келген Дина Болатбекова мектеп бөлімшесінің ашылу салтанатымен құттықтап, ұстаздардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын кезінде арнайы сынып оқушыларының вальс билеп, «Ұстазым» деп әндеткені көпті еріксіз сүйсінтті. Аниматорлардың шоуын тамашалаған күн сәулелі балалар мерекелік көңіл күйді сезініп, ерекше шаттанды.

Осылайша Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін алаңдатқан инклюзивті білім беру жүйесіндегі қиындықтардың біртіндеп оң шешімін тауып келе жатқаны көңіл қуантты.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Педагог академиясы» мен «Балалар инклюзивті академиялық бірлестігінің» төрағасы, педагог, ерекше баланың әкесі Нұрым Нұрғалиев Qaz365.kz. редакциясына арнайы келіп, осы саладағы күн тәртібінен түспеген күрмеуі көп мәселені айтып берген еді. Енді міне, небәрі 2 ай ішінде аталмыш мектептің бөлімшелері тек Алматыда ғана емес, еліміздің өз де өңірлерінен ашылмақ.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
1 мамырдан бастап Қазақстан әуежайларында авиациялық қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Бүгін, 19:13

1 мамырдан бастап Қазақстан әуежайларында авиациялық қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Осыған байланысты жолаушылар әуежайларға ертерек келуі керек
Еріктілерді, азаматтық белсенділерді, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін және басқаларды
Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен  бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке
Қазақстандағы резонансты сот процесі ол жақта да айтылып жатқаны жөнінде ол жақында видео жариялады

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →