×

«Абай ғибратнамасы». Терең ғылыми көзқараспен талданған еңбек

«Абай ғибратнамасы». Терең ғылыми көзқараспен талданған еңбек

Еуразия ұлттық университетінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимовтың «Абай ғибратнамасы» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көрген жаңа кітапта Абай шығармалары арқылы патриотизмге, көшбасшылық қасиеттерге және критикалық ойлауға тәрбиелеу мәселелеріне баса назар аударылған.

«Мінез – сауыт», «Сөз келісі», «Ар ойла», «Шын ақыл» атты төрт тараудан тұратын еңбекте автор хәкім Абайдың 42 ереже, ғибрат, афоризмдеріне терең түйсікпен талдау жасайды. Оның айтуынша, бұл тұжырымдамаларға өмірлік тәжірибе мен өзіндік ойлар нәтижесінде тың көзқараспен талдау жасалған.

 

Тұсаукесерге көптеген танымал абайтанушылар, Сенат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен студенттер қатысты. Іс-шараны ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ұлы ақынның 175 жылдығына орайластырылған мерейтойлық мерекелер қазіргі заманғы абайтанудағы бағыттар мен тәсілдерді өзектендіріп, ғалымдарға Абайдың бай шығармашылық мұрасына жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Қазіргі қоғамның дамуы жағдайында және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде Абай мұрасын зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Бұған Серік Негимовтың «Абай ғибратнамасы» дәлел», – деп атап өтті Ерлан Сыдықов.

Іс-шараға келген қонақтар өз сөздерінде кітап абайтанушы мамандар, ұлы ақынның шығармашылығы мен қазақ әдебиетінің даму тарихына қызығушылық танытқандар секілді кең аудиторияға қызықты болатынын сөз етті. Өйткені «Абай ғибратнамасында» автор, ең алдымен, Абай идеяларының өзектілігі және олардың бүгінгі күнге астасып жатқан үндестігі туралы ұғынықты тілде баяндайды.

Серік Негимов Әділ Қазақстан тұжырымдамасы Абайдың рухани-адамгершілік өсиеттері мен қоғамдық-саяси көзқарастарын жан-жақты түсінуге негізделген деген пікірін білдірді. Мұны оқырманға жеткізу –оқырманға жаңа жол тартқан еңбектің негізгі міндетінің бірі.

«Абайдың күші – ұлттың күші. Сондықтан Абай поэзиясында таңғажайып көркемдік мотивтер, сұлулық құпиялары, әдеби-эстетикалық дүниетанымның даралығы, бейнелі-символдық реңктер байқалады. Абай шығармашылығы –ғасырлар мен дәуірлерде жасалған халық тілінің айнасы, халықтың өмірлік тәжірибесі, ақыл-ой қазынасы. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын аяқтағанда, атақты актер Асқар Тоқпанов: «Мұқа, сіз 4 томдық эпопея жаздыңыз. Енді Абайды осымен тәмамдаған шығарсыз», – дейді. Сонда ұлы жазушы Мұқаң: «Абай – мұхит, ол ешқашан сарқылмайды», – деген екен. Сондықтан мен Абайдың шығармашылық еңбегіндегі ережеге, қағидаға, жөн-жосыққа лайық ғибраттарына талдау жасадым. Абайдың қағидаттары – елдің, халықтың, қоғамның өркендеуіне жолбасшы, жетекші қызмет атқаратын, мемлекет тағдырына үлес қосатын түйінді кесек тұжырымдар. Өзі көсем, көреген, көсбасшы болғаннан кейін, оның шығармашылығында жаңа идеялар мен көзқарастар, ғибраттарында стратегиялық, патриоттық лидерлік ойлар жеткілікті», – деді Серік Негимов.

Сондай-ақ автор Абайдың қоғам ісінде әділ шешім шығара білген қайраткерлігіне назар аударып қана қоймай, Кеңес дәуірі кезінде қалыс қалған қағидаттарына ерекше тоқталады.

«Абай – бүкіл адамзаттың тарихын білген адам. Сонау Платон, Сократ, Аристотельден бастап, ұлы ғұламалардың еңбектері мен Еуропа, шығыс, қазақ және орыс әдебиетін терең меңгерген. Абайдың өмір бойы сенімді серігі боп, оның аузынан естіп-білгенінің барлығын халыққа таратып, насихаттауда үлкен еңбек сіңірген Баймағамбет деген ертекшісі болған. Оған Америка, Африканың ең ірі романдарын жаттатқан. Тіпті, оны аударып әзірлеп, Баймағамбеттің оны қалай орындауына, жеткізуіне де мән берген. Абайдың білімі деген ол ғаламат шексіз. Дегенмен кезінде кеңестік идеология Абай шығармашылығын дұрыс саралауға мүмкіндік бермеді. Абайдың бүкіл шығармашылығында құранның ұлы идеяларына негізделген тұжырымдар жетерлік. Мұның бәрін ұлы хәкім қазақы түсінікпен, дүниетаныммен жеткізген. Мысалы, 38-қарасөзінде бұл Алланың ғылымы, білімі, хикметі деп, бүкіл жаратылысты ғажайып есеппен жаратқан Жаратушының құдіретін сөз етеді. Тек бәріне терең ғылыми көзқарас пен дүниетаным қажет», – деп атап өтті автор.

Әріптесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов қолдап, Абай қазақ халқының ұлттық сипатының көрінісі болғанын атап өтті. Ол ғылыми абайтанудағы заманауи тәсілдердің принципті маңыздылығын атап өтіп, авторға арнаған өлеңін оқыды.

Әдебиеттанушының Қазақстанның гуманитарлық ғылымдарының дамуына қосқан үлесі туралы мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Жандос Әубәкір, шығыстанушы, саяси ғылымдар доктор, профессор Ержан Исақұлов, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, Қазақстанға еңбегі сіңген судья, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, филология ғылымдарының докторы Рақымжан Тұрысбек баяндады.

«Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұркен Асанов кітап авторына «халқымыздың рухани дамуына қосқан баға жетпес үлесі» үшін алғысын білдіріп, мұндай ғылыми еңбектер өскелең ұрпақтың бойында мәдени құндылықтарды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Абай – мыңжылдықтың тұлғасы, хәкім, ойшыл, композитор, ақын, тәржімашы, ел басқару ісінде ірі-ірі кесімдер шығарған би-болыс болған. Қазақтың жампоз, яғни өткір алғыр, көшбасшысы, табиғатынан ірі шамшырақ тұлға. Абайдың қара сөзін алсаң да, поэзиясын алсаң да кермет-керемет кесек ойлар мен тұржырымдарын кезіктіресіз. «Абай ғибратнамасында» ақынның философиялық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси көзқарастары жаңа қырынан талданған. Мен Абайдың шығармашылығына, оның ұлы идеяларын оқырманға жеткізу үшін барынша терең бойлауға тырыстым», – деп қорытындылады Серік Негимов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Жалпыға бірдей декларация: 2025 жылы жеке кәсіпкерлер үшін не өзгереді
Бүгін, 18:45

Жалпыға бірдей декларация: 2025 жылы жеке кәсіпкерлер үшін не өзгереді

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →