Бұл туралы Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлады
Жетінші аурухана дәрігерлері мүгедектің арбасына таңылған зейнеткерді аяққа тұрғызды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
64 жастағы Ұйымхан Қалибек бес жылдан бері ревматоидты полиартритпен ауырады. Өзінің айтуынша, консервативті ем-дом ешқандай нәтиже бермеген. Салдарынан соңғы үш жылда аяқтан қалып, мүгедектің арбасына таңылған науқасқа «Жүйелі остеопороз, 3-4-деңгейлі гонартроз» деген диагнозбен хирургиялық ота жасау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.
Қытайда туып-өскен зейнеткер осыдан бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысына көшіп келген. Қазақстан мен ҚХР-ның бірқатар клиникаларына қаралыпты. Бірі ауқымды әрі күрделі отаны жасаудан бас тартса, енді бірі қомақты қаражат сұраған. Науқас жетінші аурухананың ортохирургия бөлімшесіне жоспарлы түрде жатқызылды. Оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен тегін ота жасалды.
«Ревмотоидты полиартрит пен асқынған остеопороз салдарынан сүйектің морт сыну қаупі жоғары болды. Соған қарамастан, біз тәуекелге бел буып, күрделі операция жасадық. Тізе буынына артқы тұрақтандырғышы бар эндопротез орнаттық. Операция жоспарға сай сәтті өтті. Пациент ертеңіне аяққа тұрды», – дейді аурухананың ортопед-дәрігері Ерлан Амиров.
Айтуынша, отадан кейін үш жыл бойы қозғалыссыз қалған аяқты бүгу, қимылдату біршама қиындық тудырған. «Ортохирургия бөлімшесінде жүргізілген ерте оңалту шарасының арқасында операция нәтижесі нығайтылып, пациент аяққа тұрды. Арбамен жеткізілген ол аурухана есігінен өз аяғымен шығып кетті», – дейді маман.
Ұйымхан апаның үзілген үмітін жалғаған клиникаға айтар алғысы шексіз.
«Әйелімнің 3 жылдан бері жүре алмай, мүгедек арбасына таңылғаны жаныма бататын. Қалқамандағы №7 аурухана қызметкерлерінің арқасында ота сәтті шықты. Үш-ақ күннен кейін жанын жеген ауруынан арылып, қайтадан аяққа тұрды. Өз аяғыңмен жүріп-тұрған деген бақыт қой. Сондай қуаныш сыйлаған дәрігерлерге көп рақмет!» – дейді пациенттің жұбайы.