«Әлде біз білмейтін бір сиқырлы шаруалар бар ма»
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қыспаққа алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Республикалық бюджетте 417 миллиард теңге Үкіметтің резервіне жоспарланған. 2025 жылғы бюджетке қарасақ, Үкімет резерві 344 миллиард теңгені құрайды. 2026 жылғы резерв 757 миллиард теңге. Үкімет резервінің незігі мақсаты – біржолғы сипаттағы күтпеген шығыстарды қаржыландыру. Резервтегі қаражатты бөлу туралы шешімді, өкінішке қарай, Үкімет Парламенттің келісімінсіз қабылдайды. 2024 жылдың ағымдағы шығыстарын қарасақ, шұғыл қаржыландыруды талап ететін өзекті мәселелер бар», – деді Бақытжан Базарбек.
Ол кейбір ауылдарда жол, емхана, мектептер жоқ. Тіпті, өзі сайланған Алматыда құбыр, кәріз жүйесінде үлкен тапшылық болып жатқанын айтты.
«Республикалық бюджетте осы бағыттағы шығынды байқамадық. Маңызды жобаларды қаржыландыру керек болғанда Үкімет неліктен резервке қаражатты салады? Қандай күтпеген мәселелерді Үкімет резерві есебінен жоспарлап отырсыз? Әлде біз білмейтін бір сиқырлы шаруалар бар ма?» – деді депутат.
Өз кезегінде Ерұлан Жамаубаев «бұл жерде ешқандай сиқыр жоқтығын» айтып, сендіруге тырысты.
«417 миллиард теңге 2024 жылға қарастырылған қаражаттың барлығы – Үкіметтің резерві емес. Әрине, қазір резерв бабында тұр. Дегенмен депутаттармен ақылдаса келе, 56 миллиард теңгені «Ауыл – ел бесігі» және басқа да өңірлерді дамытуға Мәжіліс арқылы бөліп отырмыз. Мұндай бөлу Сенатта да болады. Онымен қоса 200 миллиард теңге қаражатқа құжаттар жоқ болғаннан кейін резервте ұстап отырмыз», – деді ол.