×

Алматыда 2022 жылғы шахматтан әлем чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында рапид пен блиц шахматтан әлем чемпионаты салтанатты түрде жабылды

Алматыда 2022 жылғы шахматтан әлем чемпионатының жеңімпаздары марапатталды
Фото: qaz365.kz

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында рапид пен блиц шахматтан әлем чемпионаты салтанатты түрде жабылды, деп хабарлайды qaz365.kz 

Іс-шараға ФИДЕ атқарушы директоры Виорел Бологан, Алматы әкімі Ерболат Досаев, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов және т.б. қатысты.

Чемпионатқа әлемнің 50 елінен келген шахматшылар қатысты. Ашық турнирде 178 ойыншы, әйелдер арасында 98 спортшы бақ сынады.

Сайыс қорытындысы бойынша жылдам шахматтан (рапид) алтын медальді қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен жеңіп алды. Екінші орынды неміс шахматшысы Винсент Кеймер иеленді, ал қоланы АҚШ ойыншысы Фабиано Каруана қанағат тұтты. 

Әйелдер арасында рапидтен күміс медальді Динара Сәдуақасова жеңіп алды, Қытайдан келген Тань Чжуньи әлем чемпионы атанды, Үндістаннан келген шахматшы Шри Савита үшінші орынға табан тіреді. Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік рапид бойынша үздік бестікке кірді.

2022 жыл ФИДЕ шахматтағы әйелдер жылы деп жарияланды. Іс-шара аясында 2022 жылғы 27 желтоқсанда ФИДЕ басқарушы директоры, әйелдер гроссмейстері Дана Рейзнице-Озола шеберлік сынып ұйымдастырып, дарынды қазақстандық қыздармен бір мезгілде ойын сеансын өткізді. 

Блиц бойынша Магнус Карлсен (Норвегия) чемпион атанды. Күмісті Фабиано Каруана (АҚШ) алды. Қоланы Хаик Мартиросян (Армения) еншіледі.

Блиц бойынша әйелдер арасында бірінші орынды қазақстандық Бибісара Асаубаева иеленді. Екінші орынды Хампи Конера (Үндістан), ал үшінші орынды Полина Шувалова (ФИДЕ) місе тұтты.

Жарыс күндері төрешілер корпусына арналған ФИДЕ семинарлары, балалар мен барлық әуесқойға арналған бір мезгілде ойын сеансы мен блиц және бағдарламашылар үшін жеке турнир өтті.

Алматыда әлем чемпионатын ФИДЕ мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Турнир Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →