Еске салсақ, арнайы операция барысында ұсталған Арман Жұмагелдиев сот шешімімен 2 айға қамауға алынған болатын
“Дикий Арман” лақап атымен танымал болған Арман Жұмагелдиев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ҰҚК кураторының жетекшілігімен әрекет еткен. Бұл жөнінде бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды qaz365.kz
“Ол тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, халықты бақылауға алып, билікке бірыңғай ультиматум талаптарын қою үшін “халық кеңесін” құруы тиіс еді. Бұл ісін жүзеге асыру үшін Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты белсене көмектескен, сондай-ақ ұйымдасқан түрде “Қазақстан” қонақүйіне келген қарақшыларды қаруландырған қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов болды. Олар жаппай наразылықтарға жетекшілік ете алмады. Адамдар олардың соңынан ерген жоқ”, – деді Асылов бейсенбіде өткен үкімет отырысында.
Тергеу мәліметінше, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны туралы ақпарат алғаннан кейін “сенімді алиби” жасау үшін содырларға тонаушылармен күрес деген желеумен қала тұрғындарына шабуыл жасауға бұйрық берілген.
“6 қаңтарда олар “Ritz Carlton” және “Қазақстан” қонақүйлерінің тұрақтарында әр түрлі нүктелерден кездейсоқ 24 азаматты ұрлап әкеліп, ұрып-соғып, ұстаған отырған. Артынша олар қаланың шетіне жеткізіліп, түні бойы ҰҚК қызметкерлері күзеткен контейнерлерге жатқызылған. Сосын оларды әуежайға әкеліп, онда бір адам – Өтепбаев азаптаудан көз жұмған”, – деді Асылов.
Айта кетейік, аталған фактілер бойынша тергеу аяқталып, таныстыру жұмыстары жүргізілуде.
Еске салсақ, арнайы операция барысында ұсталған Арман Жұмагелдиев сот шешімімен 2 айға қамауға алынған болатын. Содан бері қамау мерзімі ұзартылуда.
6 қазанда Бас прокуратура Дикий Арман деген атпен танымал қылмыс жетекшісі Арман Жұмагелдиевке жаңа айыптардың тағылғанын мәлімдеген.