Президент құттықтау хат жолдады
«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры биыл өзінің 30 жылдық белесін бағындырды. Осы жылдар ішінде біраз белесті бағындырған қорға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құттықтау хатты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқып берді.
«Құрметті «Білім-Инновация» лицейлерінің ұжымы, қадірлі ұстаздар! Баршаңызды «Білім-Инновация» лицейлерінің құрылғанына 30 жыл толған мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Бұл – еліміз үшін айтулы оқиға. Сіздер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, орта білім саласын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу саласына зор үлес қосып келесіздер. Оқу орны озық бағдарламалар мен тәжірибелерді басшылыққа алып, жастарға сапалы білім беріп отыр. Оқушыларыңыздың республикалық және халықаралық олимпиадалардан талай мәрте топ жарып, үздіктер қатарынан көрінуі – осының айқын дәлелі», – делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.
Мемлекет басшысы лицейдің жаңаша білім алған, цифрлық сауатты, шет тілдерді жетік меңгерген шәкірттер шоғырын қалыптастырғаны сөзсіз екенін айтқан.
«Түлектеріңіз еліміздегі және әлемдегі беделді жоғары оқу орнында білімін ұштап, табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда ұстаздар қауымына және барша ұжымға шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңізге жүктелген абыройлы міндетті әрдайым мінсіз атқарып, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ете бересіздер деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!» – делінген құттықтау хатта.