Аман Төлеев дүниеден өтті
Ресейдің Кемеров облысының экс-губернаторы, саяси қайраткер Аман Төлеев 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қаралы хабарды аймақ басшысы Сергей Цивилев жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«1997 жылдан 2018 жылға дейін Кемерово облысының губернаторы болған Аман Ғұмырұлы Төлеев өмірден өтті. Ол бар ғұмырын Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған жарқын, ерекше адам. Бұл – орны толмас қаза. Біздің аймақтың тұтас дәуірі Аман Ғұмырұлымен байланысты: ол кеншілер Транссібір темір жолындағы қозғалысты бөгеп, рельсте отырған қиын-қыстау кезеңде оны басқарып, дағдарыстан алып шықты», – деп жазды Цивилев.
Айта кетейік, Аман Төлеев 1944 жылы Красноводск қаласында дүниеге келген. Әкесі – қазақ. Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан. Ол Нововсібір теміржол инженерлері институтын (1973), Қоғамдық ғылымдар академиясын (1989) бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында теміржолшы болып бастаған. 1997 жылдан бастап Кемерово облысының губернаторы болды. 3 рет (1991, 1996, 2000) РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелді.