×

«Министрдің мұғалімді полицияға сүйреуі – өте ұят жағдай»: Бейсембаевтың отставкасын талап еткен ұстаздар жиын өткізді

Аятжан Ахметжан: «Белсенді мұғалімдер – министрліктің дұшпаны емес!»

«Министрдің мұғалімді полицияға сүйреуі – өте ұят жағдай»: Бейсембаевтың отставкасын талап еткен ұстаздар жиын өткізді
Фото: ашық дереккөзден

Таяуда ғана «Қазақстан мұғалімдері» бірігіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хат жолдады. Еліміздің әр өңірінің ұстаздары Оқу-ағарту министрлігінің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Осы мәселеге байланысты мұғалімдер мен БАҚ өкілдерінің басқосуы болып өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Бұған дейін өз құқықтарына байланысты өзгерістерді талап етіп, Оқу-ағарту министрлігіне сан мәрте хат жолдап, жауап ала алмаған ұстаздар «Қазақстан мұғалімдерінің» атынан жазған талаптарын енді әлеуметтік желілерде де  ашық білдіруде.

Айта кетейік, Ашық хат ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, ҚР Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Парламент депутаттарына да жеткен.

Алматы, Астана, Шымкент қалалары, БҚО, ШҚО, Түркістан облысы мен еліміздің өзге де өңірлерінің 150-ге жуық ұстаздары Ашық хатқа қол қойып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың орнын босатуын талап етіп жатыр.

Әңгіменің әлқиссасы Ғ.Бейсембаевтың министрлікке келген 11 ай ішінде білім саласындағы күрмеуі көп мәселелер шешім таппақ түгілі, мұғалімдер баяғы әдетінше қағазбастылыққа көмілген.

Айтуларынша, Оқу-ағарту министрлігі бекіткен бұйрықтар мен олардың мұғалімдерге жасап жатқандары – «Жаңа һәм әділетті Қазақстанға» қайшы әрекет.

Білім саласындағы олқылықтар жайлы көзқарасын білдіргені үшін бір жылда 3 рет сот отырысына шақырту алған Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы «министрлік мені «әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздыратын жазба қалдырдың» деп айыптап отыр» дейді. Оның сөзінше, шағымды Шымкент қаласы Полиция департаменті қараусыз қалдырған. Қазір Жетісай ауданы Әл-Фараби атындағы мектептің басшылығы жала жапты деп айыптап сотқа берген.

«Ұлтаралық араздықты қоздыратын сөз жазбадым»

«Бірінші рет министрліктің аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас Прокуратураға шағым жазды. Шағым министрліктің белгісі қойылған арнайы қағазға жазылған. Екінші рет Алматы қаласындағы бір мектептің директоры «әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздыратын жазба қалдырды" деп Шымкент қаласының Полиция Департаментіне арызданған. Бақытыма қарай аталған құзырлы орагндар 2 шағымды да қараусыз қалдырды. Енді Жетісай ауданы Әл-Фараби атындағы мектептің басшылығы қорлады деп айыптап сотқа берді», – деді Өмір Шыныбекұлы.

«Мұғалімдер – білім саласының тірегі»

 «Біз Ашық хатта нақты дәлелдер мен талаптарды қойғанбыз. Оқып, мазмұнымен танысқаннан кейін ғана қол қойдық. Бұл жерде нақты дәлелдер тұр. Өмір Шыныбекұлы айтқандай, білдей бір министрлік аппаратының өзінің қол астындағы қарапайым мұғалімнің үстінен арыз жазуы – өте күлкілі нәрсе. Бірнеше рет нақты сұрау салынғанымен, министр  жауап берген жоқ. Аппарат басшысының қолымен жазылған. Ал бұл таза өз қызметін асыра пайдалану емей немене?! Егер жеке мәселесі болса, сотқа жеке берсін. Ал министрліктің аппарат басшысының атынан беру – таза қылмыс. Осындай белгісіз, белгілі арандатулар мен әкімшілік ресурсты пайдаланып, мұғалімдерге қысым жасау мәселесі өте көп. Бір нәрсені қадап айтқым келеді. Белсенді мұғалімдер – мемлекеттің не министрліктің дұшпаны емес. Белсенді мұғалімдер – білім саласының тірегі. Олар – білім саласындағы олқылықтардың дұрысталуына, жемқорлық пен заңсыздықтардың болмауына белсене үлес қосып келе жатқан тұлғалар. Белсенді ұстаздар – кешегі «Педагог мәртебесі» Заңының қабылдануына түрткі болған бастамашыл топ. Белсенді ұстаздар – бала мен мұғалімнің құқығын қорғап жүрген жанашырлар. Біз де тыныш нанымызды жеп, отыра беруімізге толыққанды құзіретіміз де, ақылымыз да жетеді. Бірақ білім саласы реттелмесе, үркітіп-қорқытумен айналысса, онда бұл біздің еліміздің болашағына ең ауыр нұқсан деп кірісіп отырмыз. Өйткені білім саласы – ол болашақтың кілті. Алдымызда 3500 оқушы отыр. Олар – Қазақстанның келесі онжылдығындағы тұлғалар, еңбек күші. Олардың тағдырына қандай да бір заңсыздықтардың келуі  келешегімізді күйретеді. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі заңсыздықпен емес, заңмен айналысса деген үлкен өтінішіміз бар. Сол үшін де отставкаға кетуін талап еттік. Біз бұл қадамға бармас бұрын әртүрлі жолдармен, тіпті әлеуметтік желілерде де сұрау салдық. Бірақ, өкінішке қарай, қудалау көбейді...» – деді «Qazbilim» білім беру орталығының директоры Аятжан Ахметжан.

Еліміздің түкпір-түкпірінен бірігіп, Ашық хатқа қол қойған белсенді мұғалімдердің барлығы дерлік, білім саласындағы мәселелер жаңа министр келгеннен кейін тіпті күрделенгенін ашық айтып отыр. БҚО, Орал қаласының ЖББ мектептің ұстазы Айнұр Сабырдың айтуынша, дұрыс бағдарлама, жөні түзу оқулық жоқ.

«Баламен бірге ата-аналарын да тәрбиелеуді міндеттейді»

 «Жақында әлеуметтік желіде аттестацияға байланысты жазба жариялап едім. Астанадағы «Өрлеудің» басшысы Ерқанат Айбулденев маған хабарласып, «аттестацияның ережелері дұрыс. Ұзын сөздің қысқасы, бізді қолдап, жақсы жұмыстарымызды айтыңдар» деді. Маған елордадағы «Өрлеудің» басшысының неліктен мұндай сөз айтқанын түсінбей далмын. Бізде қағазбастылық көбейді. Қазір мектепішілік бақылау әрбір мектепте жүріп жатыр. Алматыдан әріптестеріміз 3 жыл бұрынғы БЖБ, ТЖБ-ға қайта сұрау салып жатқанын айтты. Осыған байланысты қазір сынып жетекшілерінің жұмыстары көбейді. Бұған дейін сынып жетекшілерінің құжаттары азайған еді, жаңа Ереже қосылып, қағазбасты мұғалім болдық. Балаларды ғана емес, олардың әке-шешесін қоса тәрбиелеуді міндеттеп отыр. Жаңа ереже бойынша ата-аналар үшін тәрбие сағаттарын жүргізуге тиіспіз. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында бір мектептің ұстазы 9 айға ата-аналар үшін 9 ашық сабақ дайындағанын айтты. «Біздің қолымыздағы бағдарлама реттелмейінше, қатесін өзіміз түзеп отырған кітаптарын ауыстырмайынша, мен білім саласының жағдайы жақсы деп өтірік айта алмаймын. Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеті – дұрыс бағдарлама құрып, қатесіз оқулық ұсыну. Президенттің талаптарымызды ескерусіз қалдырмайтынына сенеміз», – деді Айнұр Сабыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа жазған Ашық хатта ұстаздар Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ғана емес, министрліктің түгел отставкаға кетуін талап етіп отыр. Алматы облысы Қарасай ауданындағы ЖББМ-тің мұғалімі Айман Сағидолла жас мамандардың жұмыс таппай сандалып, enbek.kz сайтына шығатын бос жұмыс орындарының сыбайлас жемқорлыққа құрылғанын ашық айтып отыр.

«Жас мамандар жұмыссыз жүр»

«Ашық хатты ұйымдастырушылардың бірімін. Министр Ғани Бейсембаев келгелі мектептерде комиссия көбейді. Мұғалімдерге тыным жоқ. Бұл – бір. Екінші мәселе ротацияға қатысты. Бұрын мектеп директорларының жеті жылда бір рет ауысуы туралы бұйрық болатын. Қазір ол ротация мүлдем жоқ. Үшіншіден, жас мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мәселесіне байланысты бұйрық дұрыс жүріп жатқан жоқ. Жұмыссыз жастар өте көп. Мектептердегі бос жұмыс орнын enbek.kz сайтына жариялайды да, көрсетілген уақытта барған жас мамандарға  «конкурс өтіп кетті, біз адам қабылдап қойдық» дегенді айтады. Жұмысқа қабылдау баяу жүреді әрі заңсыздықтар өте көп. Біз қандай қоғамда өмір сүрудеміз? Мұғалімнің мәртебесі жайлы сөз айтпай-ақ қояйын. Министрдің қарапайым мұғалімді полицияға сүйреуі – өте ұят жағдай. Маған Ғани Бейсембаев тек жалақы алу үшін жүрген адамдай көрінеді. Оның шығарған құжаттарының бәрі шикі. Айтсақ, министрлік оған назар аудармайды, түзеуге тырыспайды. Біз білім саласына олқылықтарды реттейтін адал да білікті тұлғаның келуін талап етеміз. Себебі бізге өзгеріс үшін жұмыс істейтін адам керек», – деді Айман Сағидолла.

Ашық хат жазған «Қазақстан мұғалімдерінің» Оқу-ағарту министрлігіне қояр талабы көп. Мұғалімдердің жанайқайына құлақ салсақ, білім саласына қатысты түгелдей өзгерістер мен толықтырулар керек. Ал ол өзгерісті өз командасын жинайтын министр жасай алмайды. Талғар қаласындағы №9 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сания Нүсіпәлі министрлік Асхат Аймағамбетовтің командасы деп бөле-жара қарайтынын айтып отыр.

«Қазақ жұртына жұмыс істейтін команда керек!»

 «Осы Ашық хат шыққаннан бастап, министрлікте ақылға сыймайтын бағыт пайда болды. Бұрынғы экс-министр Асхат Аймағамбетов – тарихқа кеткен адам. «Асхаттың командасы» дегенді шығарып отырған да – министрліктің өзі. Бір мемлекеттің білім саласының тұтқасын ұстап отырған министрдің бұл әрекетін қарабайырлыққа балаймын. Оқу-ағарту министрлігі – олардың жекеменшігі емес. Мен ұлттың командасымын. Тек мұғалім емес, ҚР-ның азаматы ретінде қарапайым халықтың да көріп тұрған қателіктерді айтуға толық құқы бар. Себебі жүйенің түзелгенін қалайды. Дәл осы айтылған сын үшін Ашық хатқа қол қойған барлық мұғалімнің үстінен шағым түскен. Біз  арыздың соңы не болар екен деп күттік. «Оны жазған министр емес, министр аппараты, аталмыш мекеменің өкілін жұмыстан шығардық» деген жауап алдық. Белсенді мұғалімдердің үстінен арызданып, оларды қудалап жатқаны шындық. Білім саласында осындай жүйесіз жағдайлар көп. Салдарымен ғана арпалысып жатқан министрлікке себебін айтып та, жазып та келеміз. Құлақ асатын олар жоқ. Тек басшысына ғана табынып, ақиқатқа бармай, министрліктің сөзін сөйлейтін емес, қазақ жұртына жұмыс істейтін команда керек!» – деді Сания Нүсіпәлі.

Еліміздің әр аймағынан бірігіп, Президентке Ашық хат жазған 150-ге жуық мұғалім саны күн сайын артуда. Айтуларынша, кейбірі қол қойып, бастамаға ілескені үшін мектеп директорларынан қатаң сөгіс алған. Соған қарамастан, Оқу-ағарту министрлігінің білім саласына тың өзгерістер әкелуі үшін өңірдегі ұстаздардың да тыс қалмауы үлкен қолдау болған.

Айта кетейік, экс-министр Асхат Аймағамбетов кезінде де осындай сын, арыз-шағымдар ұстаздар тарапынан көп айтылды. Қалай десек те, білім саласындағы өзекті мәселелер Оқу-ағарту министріне жүктелген зіл батпан жүк болып отыр. Жаңа Қазақстанда мұғалімнің де, министрліктің де мәртебесі артып, озық елдердегідей білім сапасы артатынына сенгіміз келеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →