×

Депутат Бапи Қытайға қанша газ сатқаны белгісіз компания үшін неге араша сұрап отыр

Депутат Бапи Үкіметтен «Тарбағатай мұнай» үшін неге араша сұрап отыр

Депутат Бапи Қытайға қанша газ сатқаны белгісіз компания үшін неге араша сұрап отыр
Видеодан кадр

Бүгін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының мүддесін қорғап депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Таяуда ғана Жоғарғы сот шешімімен миллиардтаған қарызды өтеуге мәжбүр болған компания енді «банкротқа ұшыраймыз» деп дабыл қағып жатыр екен. Компания базынасын Үкіметке Бапи арқылы жеткізді.

Ермұрат Бапидің сөзінше, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының бір топ тұрғындары депутаттың атына өтініш жолдаған. Өтінішке қол қойғандардың көпшілігі «Тарбағатай-Мұнай» (ТМБ) серіктестігінің жұмысшылары дейді ол.
Өтініштің қысқаша мазмұны мынадай: 2007 жылдан бері Зайсанның Сарыбұлақ кенішінде өз қаражатына барлау жүргізіп, оны өз күшімен және шетелдік инвестицияның көмегімен ашып, 100 шақырымға жуық газ құбырын тартып, облыс әкімшілігінің сұранысы бойынша 7 миллион доллар жеке қаражатына Зайсан тұрғындарына газ тартып берген компания бүгінде «банкрот болудың алдында» отыр.

«Осы өтініштің ізін қуып, Зайсан газшыларымен және облыс әкімі Ермек Көшербаев мырзамен кездесіп, мән-жайға қанықтым. Әрине, Зайсан аймағындағы ірі жұмыс беруші компанияның банкроттық жағдайға тап болу қаупіне облыс әкімі де қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Компанияның банкрот болу себебі екеу екен – біріншіден, Зайсандағы газдың қоры түгесілуге таяу. Енді бірер жылда жергілікті халық қайтадан «таз кепешін» киіп, көмір мен тезек жағуға көшеді. Газ қорының шектеулі екені әу баста билікке ескертілген», – деп дабыл қағады Ермұрат Бапи.

Депутаттың сөзінше, «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салық және прокуратура органдары «қылқындырып» тастаған. Серіктестікке 10 миллиард теңгенің қосымша салығы мен өсімпұлы (пеня) салынған. Бапи мұны «салықтық міндеттерді тексерудің көпе-көрнеу бұрмалануы салдары» деп атайды. Екі жүзден астам газөндіруші (отбасы) жұмыссыз қалайын деп тұр дейді.

«Бірақ компания құрылтайшылары газшыларды жұмыссыз қалдырмау үшін, жердің терең қабатында жатқан ауыр мұнай қорына барлау жасаған. Анықталған көлемі 100 млн тонна болатын осы ауыр мұнайды өндіріп, Қытайдың Қарамай зауытына дейін құбыр тартып, өңделген өнімнің үлесі арқылы табыс табуды көздеп отыр. Бұл өндіріске 200 миллион доллар инвестиция жұмсауға ықыласты Гонгконг компаниясы дайын тұр», – дейді Ермұрат Бапи. 

Осыдан кейін депутат тағы эмоцияға ерік береді. Компанияға салынған салықты «заңсыз салынған» деп атап, салық салғандарды «елдегі арамтамақ менеджерлер» деп атай келе, олар жобаны «бесігінде тұншықтырып өлтірмек» дейді.

«Сіздің кабинетке қай мүддені қорғау маңызды? Түп-төркіні күдікті бір реттік 10 миллиард теңгемен  бюджеттің жыртығын уақытша жамап-жасқау маңызды ма, жоқ әлде бұған дейін сол бюджетке 130 миллион доллар салық төлеп, ел экономикасына 300 млн доллардан астам инвестиция әкелген компанияның жұмысына жәрдем жасау маңызды ма? Егер есеп-қисабы адал бұл компания салықтық қудалаудан құтылар болса, алдағы уақытта жылына 20 миллион долларға жуық салық төлеп, 2035 жылға дейін Сарбұлақ кенішінің 100 миллион тонналық қорын игереді екен. Бұл мұнайдан қосымша экспорттық салық түсетінін Сіз білсеңіз керек», – дейді депутат Үкімет басшысына қарата.

Сонымен қатар, Бапи компанияның қарызын реструктуризация жасауға жәрдем беру керек дейді. Бас прокуратура мен салықшылардың «репрессиялық әрекеті» Президенттің экономикалық саясатына нақақ қастандық – саботаж жасау болмай ма  деп алаңдайды.

Десе де, Ермұрат Бапи мүддесін қорғап отырған осы «Тарбағатай-Мұнай» компаниясы жылдар бойы Қытайға жуан құбырмен газ жөнелтіп, қанша пайда тапқанын атай қоймады. Зайсаннан бұрқ етіп газ шыққан кезде маңайындағы Күршім, Тарбағатай аудандарының халқы да «бізге газ тарта ма екен?» деп дәмеленген. Алайда маңайындағы аудандар түгілі, Зайсан ауданының өзін толық газбен қамти алмаған «Тарбағатай-Мұнай» «банкрот боламыз» деп дабыл қағып жатыр. Ал компания осы уақытқа дейін Қытайға қанша текше газ жөнелтіп, қанша табыс тапты? «Тарбағатай-Мұнай» әділдікті өзінен бастап, осы ашық есептерді жариялай ала ма?
Айтпақшы, осы жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура «Тарбағатай-Мұнай» кәсіпорны 2015 жылдан 2019 жылға дейін газды әлемдік нарықтық бағадан құнын төмендетіп сатқанын және шетелге жөнелткенін хабарлаған еді. Салықты қосымша есептеу туралы фискалдық органның шешімімен келіспей, компания оның хабарламасына қарсы шығып сотқа берген.

«Даудың нүктесін Жоғарғы сот қойды және Бас прокурордың наразылығы бойынша салықтар мен өсімпұлдарды қосымша есептеу негізді деп тапты», – деп хабарлаған құзырлы орган.

«Тарбағатай-Мұнай» компаниясы бюджетке 6 млрд теңгеден астам ақша төлеуге міндеттелгенін жария еткен.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Кеше, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →