Бекболат Тілеухан Мәжілістегі бірқатар депутаттарға қатысты пікірін айтты
Мәжілістің жаңа шақырылымындағы депутат Ермұрат Бапи экс-депутат Бекболат Тілеуханның көңілінен шықпайды екен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол Мәжілісте Руслан Берденов, Айгүл Құспан, сосын Айдарбек Қожаназаровқа көңілі толатынын айтты. Қалғандарына қатысты өз реніші бар.
«Ал Ринат Рифхатұлы, Ермұрат Бапи, Нартай Аралбайұлы сияқты популист. Өмірі ең төменгі жалақы 300 мың теңге болмайтыны түсінікті ғой. Ашық популизм. Аңғал жұртты алдау. TikТok-та хит болу үшін шығар. Нартай Аралбайұлы да, Ермұрат Бапи де популистер ғой. Олар халықтың көңілінен шығып алып, сосын болашақтағы сөздерін өткізу үшін істеп жүр. Өзіміз жүрдік, технологияның шет жағасын білеміз ғой. Әсіресе, Исламға қарсы сөз айту үшін бедел жинап береді», – дейді Бекболат Тілеухан «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында.
Ол осы ретте өзі популист деп айтқан депутаттар туралы пікір де білдіргісі келмейтінін, өзінің дәрежесіне сай еместігін де айтып қалды.
«Әңгіме қылуыма тати ма? Орыстар «Не слишком большие честь» дейді ғой. Сондай әңгіме. Ермұрат Бапи не сөйлеп, не қойғанын білмейді. Қазір сотқа берсем, аяғы аспаннан келеді. Ұлытау облысы, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының азаматтарын Сирияға жіберіп, радикал еткен Бекболат дейді. Осыған дәлелі бар ма? Сотқа беруді әлі де ойланып көремін. Негізі, соттасып жүрген ұнамайды. Бірақ, бір жағынан, төмен адамның Мәжілісте жүргені обал. «Аузы жаман ауызды, аяғы жаман төрді былғайды» дегендей нәрсе», – дейді экс-депутат.