Томский Қазақстан азаматтығын алды
Бұл туралы әлеуметтік желіге Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мусиннің жазуынша, әлемдегі ірі инвестордың бірі Қазақстан азаматы атанған. Арсен өзі ғана келіп қоймай, біздің елге талантты мамандар тартып, жаңа технологиялар мен идеяларды алып келді дейді ол.
“Кейінгі жылдары Қазақстан бүкіл әлемнің дарынды кәсіпкерлерін өзіне тартатын нүктеге айналды. Олар кеңсесін осында көшіріп, активтерін әкеліп жатыр. Соның жарқын мысалының бірі – Арсен Томский. Ол СЕО inDrive негізін қалаушы. Ол бүгін ресми түрде Қазақстан азаматтығын алғанын жариялады”, – деп жазады Бағдат Мусин.
Министрдің сөзінше, осынау прогрестің негізі – Astana Hub. Халықаралық технопаркте жайлы ІТ-бизнес жүргізуге барлық жағдай жасалған. Онда салық жеңілдігі де, жеңілдетілген виза режимі мен заманға сай инфрақұрылым бар. Соның бәрі әлемдік компаниялар мен менмін деген ІТ-мамандардың назарын Қазақстанға аударып отыр.
Бағдат Мусин технопарк іске қосылған 5 жыл ішінде, 2018 жылдан бері Орталық Азиядағы ірі инновация хабына айналғанын айтады. Бүгінге дейін оған 1300-ден аса прогрессивті ІТ-компания тіркелген. Оның ішінде 378-і шетелдік компаниялар.
“Біз ары қарай инвесторлар мен кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасаудың амалын қарастыра береміз. Көші-қон процедураларын да жеңілдету қарастырылған. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық бизнесте бұдан да тартымды бола түскенін қалаймыз”, – дейді Мусин.