×

«Бишімбаев ағасымен бірге мәйітті жасырмақшы болды»: Нүкенованың туыстары қылмыстық іске қатысты жаңа деректерді айтты

Марқұмның жақындары уақытша қамау изоляторына қамауға алынған күйеу баланы кешірмейміз деп отыр

«Бишімбаев ағасымен бірге мәйітті жасырмақшы болды»: Нүкенованың туыстары қылмыстық іске қатысты жаңа деректерді айтты
Коллаж: Qaz365.kz

Астанадағы мейрамханалардың бірінде өлтірілген Салтанат Нүкенованың туысқандары «Көреміз» бағдарламасына сұхбат беріп, кейбір тың деректерді айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Марқұмның жақындары уақытша қамау изоляторына қамауға алынған күйеу баланы кешірмейміз деп отыр.

«Біздің кешіруге, татуласуға еш құқығымыз жоқ. Моральдық тұрғыдан да еш дәтіміз бармайды. Бұл адам бостандыққа шықса, міндетті түрде тағы біреуді өлтіреді. Мұндай трагедия қайталанатын болса, ар-ұятымызға сын болады. Сондықтан татуласпаймыз», – дейді ағасы Қайрат Нүкенов.

Жалпы, Бишімбаев пен Нүкенова ең алғаш 2022 жылдың 29 тамызында танысыпты. Экс-министр астролог қыздың қабылдауына жазылып, өзіне қаратуға тырысқан. Ал 18 қарашада екеуі отбасы көтерген. Бишімбаевтың бұл үшінші әйелі. Оған дейін екі рет үйленген. Алғашқы некесінен бір бала сүйген. Екінші жары, көпшілікке таныс Назым Қаһарманмен 14 жыл бірге тұрған. Екеуінің ортақ үш баласы бар.

Салтанатпен алғашында бәрі жақсы болған. Бірақ кейіннен жағдай күрт өзгерген. Әсіресе, шілде айынан мәселе күрделене түскен. Құрбылары дабыл қоңыраулары жазда басталды деп отыр. Солардың бірі – павлодарлық Линара Смағұлова мұны бірден байқаған.

«Салтанат бірде Павлодарға келгенде екеуіміз көрістік. Сол кезде жолдасымен ұрысып жүргенін, тіпті соңы төбелеске ұласатынын айтып қалды. Қол көтеріп жүргенін де жасырмады. Сонда маған қарап, «Махаббат бола тұра бір-бірімен үйлеспеу болады екен» деген», – дейді құрбысы.

Марқұм күйеуінің ұратынын құрбыларынан бөлек анасына да айтыпты. Шешесі қызының қиналғанын көріп, Павлодарға қайтуын сұрапты. Бірақ адамның тілін тез табатын күйеу бала әйелін райынан қайтарған.

«Жазда үйіне барғанда ата-анасына қарым-қатынастары қиындап кеткенін, күйеуінің мінезі ауыр екенін айтыпты. Әке-шешесі үйге қайт деген. Бірақ көп уақыт өтпей, Бишімбаев Салтанатты райынан қайтарып алған. Күйеуі көндіруді жақсы меңгерген. Ал Салтанат өте мейірімді қыз болатын. Оны аяп қайта барды. Қуандықтың жан дүниесіндегі мәселені анықтау үшін психолог жалдады», – дейді кіндік шешесі Мәрзия Оспанова.

Марқұм отбасылық қарым-қатынасты ретке келтіруге септігі тиер деп, психологпен екі ай жұмыс істеген. Сосын аралары түзелгендей болған екен. Тіпті, қыркүйек айын Түркияда бірге өткізген.

«Өлтіретін адам үндемей жүреді. «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» деген осы. Ол әрқашан бұл адамды жасырып жүреді. Бір мүмкіндікті күтеді. Санада өлтіру деген ой тұр. Көбінесе, ішімдік ішіп, есірткі қабылдағанда еске түседі. Бұрыннан ойлап жүргенін жүзеге асыруы мүмкін», – дейді психотерапевт Санжар Тұрсынметов.

Салтанат күйеуге шыққалы жұмысынан да қол үзе бастаған. Ол астролог ретінде еңбек еткен.

«Екеуінің не себепті жанжалдасатынын айта алмаймын. Бірақ былтырғы жылдан бері кеңестері азайып кетті. Бұған дейін Салтанатқа жазылатын адам көп болатын. Күніне кем дегенде 2-3 қыз келетін. Кейіннен аптасына 2-3 кеңеспен шектеліп жүрді. Өйткені күйеуі жұмыс істеуге рұқсат етпеді», – дейді құрбысы Анар Тасова.

Салтанаттың өлімі жайлы ақпараттарға «ата-анасы қайда қараған?» деген пікірлер бар. Кіндік шешесі Мәрзия Оспанова ол да өзге қыздар секілді бірден анасына шағымданып барған емес деп отыр. Көбінесе өзі шешеді екен. Ата-анасы қызының шешіміне үнемі қолдау білдіріп отырған.

5-6 қараша күндері Салтанаттың әке-шешесі Павлодардан Астанаға келген. Сол кезде бәрі кездесіп, жақсы көңіл күйде болған. Бірақ анасы сәрсенбі күні Павлодарға қайтып бара жатқанда, шақырып алып бірге үйге қайтасың ба деп сұраған. Жақындары ана жүрегі бір жаманшылықты сезгендей деп отыр. Алайда қызы бәрі жақсы деп бармаған. 

Ал 9 қараша осы жантүршігерлік оқиға болды. Ағасы Қайрат Нүкенов олар мейрамханаға өте кеш келген деп отыр. 

«BAU жабылайын деп жатқан уақытта барған. Мекеме әкімшілігі сол түні залдың қабырғаларын бояп, кішігірім косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сырлайтын мамандарды шақырып қойған. Сылақшының мәлімдесіне сүйенсек, түнгі 1-2-лерде Бишімбаев пен қарындасым отырған VIP кабинада шу басталған. Тарс-тұрс дыбыстар шығып, соққының дауысы естілген. Жұмысшылар екі адам болса да, қорқып назар аудармай жүре берген», – дейді Қайрат Нүкенов.

Ағасы қаскөй күйеу баласы мен оның туысы Салтанаттың денесін мейрамханадан жасырын алып шығып, жасырмақшы болған деп отыр. Өйткені әр әрекетін саналы түрде жасағаны байқалады дейді.

«Олар бір сәтте Салтанаттың телефонын іздей бастайды. Ақыры көліктен тауып алады. Сөйтіп, Бишімбаев бауырына қарындасымның телефонын алдымен фитнес-клубқа, әрі қарай үйіне апаруға нұсқау береді. Ақыр соңында біз геолокация тексерген кезде телефонды Бишімбаевтың үйінен таптық. Сосын бауырына түнде екі көрпе қажеттігін айтып, бейнекамераларды өшіртеді.  Сол күні қандай да бір қызды шақыртады. Ол келіп кеткен соң, көлікті жертөлеге алып кел деп тапсырады. Мекемеден көшеге шықпай-ақ паркингке түсуге және шығып кетуге мүмкіндігі бар екен. Менің ойымша, олар бұл қылмысты жабуға, қарындасымыздың денесін бір жерге жасыруға әрекеттеніп осылай істеген», – дейді Қайрат Нүкенов.

Ол Бишімбаевпен кездесуге келген әйелдің де әрекеті күмән тудырады деп отыр. 

Еске салайық, бұрынғы Экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. 

Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Бүгін, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →