×

«Күнде басымнан тебеді». Ұлттық ұлан сарбазы әскерде күн сайын таяқ жейтінін айтты

Әкесі прокуратураға шағымданған

«Күнде басымнан тебеді». Ұлттық ұлан сарбазы әскерде күн сайын таяқ жейтінін айтты
Азаттық/ видеодан кадр

Алматы облысындағы № 3660 әскери бөлімінің сарбазы әскерде күн сайын таяқ жейтінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Азаттық радиосына» сілтеме жасап.

20 жастағы Сапархан Қауынбай биыл мамырда әскерге алынған. Ол Алматы облысындағы Ұлттық ұланның  № 3660 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр екен. Сарбаз тілшіге күн сайын таяқ жейтінін айтып берді.

«Бізден алты ай бұрын келген «старшактар» ұрады. Бастан ұрады, тебеді. Ойларына келгенін істейді. Қорқып жүрсін деп ұрады. Аптасына дәрігерлер тексереді. Бірақ басты қарай бермейді. Тез-тез өткізіп жібереді», – дейді Сапархан Қауынбай.

Әкесі Ғани Алтаев прокуратураға шағымданған. Өйткені баласы бір-екі күн бұрын үйіне келгенде талып қалған.

«Бес айдан бері балам айтпай келген. Жігіт қой, намыстанған. Өзінің салмағы 78 келі еді, кеше келгенде 67 келі болды. Баламның бойындағы өзгерісті байқадым. Әйтеуір, жылап тұрып бәрін айтып берді. Ұрғандар жазасын алсын, талабым – сол. Баламды әскерге ұрып-соғу үшін жіберген жоқпын. Отан алдындағы борышын өтеу үшін өзі сұранып барған», – дейді әкесі.

Осы шудан кейін Сапархан және оның қасындағы сарбаздарды дәрігерлер томографияға түсірген. Нәтижесі ертең шығады.

«Ұрғанын айтсаң, тоқылдақсың деп шеттетеді. Сосын ешкімге тіс жармай жүрдік. Ұйықтайтын кезде киімді жуып жаюға барған кезде ұрады. Басыңды еңкейтіп тұруың керек. Таяқ жеп шығуың керек. Бәрін ұрады», – дейді сарбаз.

Осы шағымнан кейін Сапархан Қауынбайды басқа бөлімге ауыстырған. Бөлім командирі мұндай әлімжеттік бар екенін жоққа шығарды.

«Мұндай теріс қылықтар жоқ. Сарбаз тарапынан да, әскери қызметкерлер тарапынан да қысым жоқ. Әскери тергеу басқармасы анықтай жатар. Бірақ мен командир ретінде ондай фактілер жоқ екенін растаймын», – дейді № 3660 әскери бөлімінің командирі Жанкелді Әбдіқадыров.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →