Студенттер талабы
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері «қызылша жұқтырып, ауру-сырқауға шалдығамыз» деп үрейленіп, оқуды онлайн режимге көшіруді талап етеді. Айтуларынша, университетте ауырып қалған адамдардың саны көбейген көрінеді.
Qaz365.kz тілшісінің сұрақтарына Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің (ҚазХҚжӘТУ) шығыстану факультетінің 4-курс студенті Аружан Болатова жауап берді. Оның айтуынша, қатарластарының көбі ауырып жатқан көрінеді.
«Сабақ әзірге офлайн. Негізі, қазір барлық студент ауырып жатыр. Өзімнің тобымдағы екі қыз қызылшамен ауырды. Анықтамасын әкелді. Мен бұл мәселені университетке жазған едім, бірақ университеттің жауабы бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «онлайнға жабуға еш себеп жоқ» депті. Бірақ қазір тек университет емес, мектеп оқушылары да қызылшамен ауырып жатыр. Өзімнің қызуым 39 градусқа дейін көтерілді. Енді қазір қызылшамен ауыратын жағдайым жоқ», – дейді ол.
Студент қаладағы бірнеге жоғары оқу орыны 1-2 курста оқитын студенттерін онлайн оқуға жіберіп жатқанын естігенін айтады.
«Ал бізді онлайнға жібермей жатыр. Ештеңе демейді. Петиция да шығардым. Ол жерде 3500 жазылым жиналды. Бізде вконтакте желісінде группа бар, соған да жібергем. Бәрі қолын қойды. Бірақ ешкім үндемейді. Студенттер жазып жатыр. Бүгін ғана екі студентті жедел-жәрдеммен алып кетті», - дейді ол.
Петицияны студент университеттің ректорына жазғанын айтады.
Журналист Ирина Советжанқызы Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханалары қызылша ауыруымен жатқандармен 90%-ға толғанын жазады. Дәлел ретінде тілші студенттердің анықтамалары мен студенттердің термометрмен өлшеген көрсеткіштерін жариялаған.
Студенттер әлеуметтік желіде онлайн оқуды талап етіп, көп жазба қалдырған. Абылай хан атындағы университеттің ректоры Сәлима Құнанбаеваның атына жазған хатта қысқы сессия мен сабақтарды онлайн өткізуді сұрайды.
«Студенттер қазір қызылшамен, қызуы көтеріліп ауырып жатыр. Сол ауру-сырқауларға шалдықпасақ дейміз», - делінген хатта.