Сот шешімді қызметкерлердің пайдасына шешкен
Шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты әл-Фараби атындағы мектептің директоры өзіне қарсы шыққан 4 адамды сотқа бергенін айтқан. Алайда сот шешімді қызметкерлердің пайдасына шешкен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Еден жуушылар мен мұғалімдерге қатысты әкімшілік істер бойынша шешім қабылданды. Жетісай аудандық сотының судьялары Арман Шындалиев пен Марат Күздеубаевқа алғыс айтамыз. 6 желтоқсан күні ҚР ӘҚБтК 73-3 бабының 3-бөлігімен айыпталған Б. Бегіндікова, Д. Пернеқұлова, Ж. Құлмановаларға қатысты әкімшілік істі егжей-тегжей, жан-жақты қарап, олардың іс-әрекетінде аталған баптың бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп істі қысқартты. 30 мың теңге айлық жалақы алып жүрген еден жуушыларға қатысты әділ шешім шығарды», – деп жазды Ahmedova Ahmedova атты желі қолданушысы.
Айта кетейік, бұған дейін Өмір Шыныбекұлы аталған мектепте екі еден жуушы жарты ставкамен еңбек етеді, алатын жалақылары 33 мың теңге деген болатын. Мектеп директоры соның өзінен ақша дәметіп, оларды қысымға алған. Осыны ашық айтқаны үшін қудалауға түскенін жеткізген.