Бокс кеші қалай өтті
10 желтоқсанда Алматыда Жаңқош Тұраров кезекті рет рингке шықты. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінен бөлек, жергілікті спортшыларда күш сынасты. Қос белбеуді ортаға салған бокс кеші DAZN, PrimeFight, Хабар және Спорт Плюс арналарынан көрсетілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«LK Production, Movida Promotions және New Names Promotions қолдауымен кәсіби бокстың үлкен кешін өткізеді. Турнир аясында Қазақстан, Жапония, Қытай, Бразилия, Үндістан, Египет және Өзбекстан боксшыларының қатысуымен 11 жекпе-жек өтеді. Кештің басты жекпе-жегі отандасымыз, IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы жеңілмеген әлем чемпионы Жанқош Тұраров. Ол рингке жапондық Акихиро Кондомен шығады, ол WBO Азия чемпионы. Жекпе-жектің алдында бірден 2 чемпиондық белбеу тұр – IBO World және WBA Gold World бірінші жартылай орта салмақта. Сондай-ақ қазақстандықтардан рингке Ершат Нығматулла, Балауса Муздиман, Виктор Коточигов, Ерхан Табынбаев және басқалар шығады», – делінген ақпаратта.
Жарнамасы жер жарған бокс кешінде спорт сарайы көрерменге лық толды деп айта алмаймыз. Сыртта алыпсатаралар билетті 1 мың теңгеден өткізе алмай жүрді. Ал шаршы алаңға шыққан жерлестеріміз түгелдей жеңіске жетті және шетелдік қарсыластарын бірінші, екінші раундтарда ақ нокаутқа жіберіп жатты. Шетелден шақырылған боксшылар расымен де әлсіз бе, әлде біздің спортшыларымыздың дайындығы өте жоғары ма? Qaz365.kz тілшісі спорт кешінде көрмермендермен және шаршы алаңға шыққан шетелдік боксшылармен тілдесті.
Елімізге өзінің сұлулығымен және шаршы алаңдағы жылдам соққыларымен танылған Балуаса Муздиман кезекті рет жеңіске жетті. Оның қарсыласы египеттік Марьям Габри. Египеттен басқа елде бокстаспаған Марьям осы уақытқа дейін үш рет жеңіске жетіпті. Алайда отандасымыз Балауса бірінші раундта ақ египеттік қарсыласын сұлатып салды.
«Бұрын кикбоксинг спортымен айналысқам. Кәсіпқой боксқа ауысқаныма бес ай болды. Бір күн бұрын Қазақстаға келдім. Бір апта, он күндей дайындалдым», - деді Марьям Габри.
Елхан Табынбаевта бразилиядан келген қарсыласы Гилсон Гойз да Силваны бірінші раундта ақ құлатып, жеңіске жетті. Ал осы уақытқа дейін 17 рет өткізген жекпе жектерінің бәрін жеңіспен аяқтаған Елшат Нигматулла үндістандық қарсыласы Сандип Кумарды да жылдам құлатты. Жеңіл салмақта 12 рет жеңіп, 3 рет жеңілістің дәмін татқан Кумар жекпе жек басталмай жатып сұлап түсті.
«Бокс менің өмірім. Өзімді жақсы сезінем. 6-7 ай дайындалмадым. Ішкі құрылысыма операция жасаттым. 17 жасымнан бастап боксқа келдім, қазір 29 жастамын. 13 жылдан бері бокстамын. Жаттықтырушым Қазақстанға барамыз деді, мен көп уақыт дайындалып үлгермедім. Қанша гонарар алатынымды білмеймін, оны жаттықтырушым біледі, ақша жағын сұрамадым. Осы жолы жарақатыма байланысты жеңілдім, алдағы уақытта жақсы болады деп ойлаймын. Үндістаннан төрт боксшы келдік», - деді техникалық нокаутпен жеңілген Сандип Кумар.
Бокс кешіне келген қонақтарды пікір білдірді. Олардың сөзінше,
«Бокс кешіне көңіліміз толмайды. Қарсыластар дұрыс таңдалмаған, бір біріне сай шығып жатқан жоқ. Әлсіз қарсыластарды таңдап алған. Өзара бокстасып жатқан қазақстандық спортшылардың қарсыластары да әлсіз. Бір клубтың спортшылары әлсіз. Әлсіз балаларды шақырып алған және шетелдіктерде сондай әлсіз. Үндістаннан, басқа жатқан болмайтын әлсіз қарсыластарды шақырып алған. Театр сияқты өтіп жатыр қазір. Бокске емес, театрға келгендей болып отырмыз. Жоғары деңгейде бокс шоуы деп айтуға келмейді. Көңілімізден шықпай отыр. Кәсіби деңгейлері өте жоғары боксшылар шықса, соны нағыз шоу деп айтуға болады. Ал мынау театрланған шоу болып кетті. Төрт адам болып боксты көруге келген едік. Бір билетті 29 мың теңгеден алдық. Көңілімізден шықпады», – деді Ришат есімді көрермен.
Ал жасы қырыққа жақындаған жапондық, Азиядан ары асып бағын сынамаған кәсіпқой боксшы Акихиро Конда жерлесіміз Жаңқош Тұраровтан ұпай санымен жеңілді.