Келтірілген шығын көлемі – 450 мың теңге
Шымкентте тауар сөресінен iPhone ұрлағандар санаулы минутта ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға кешкі уақытта қаладағы электроника дүкендерінің бірінде болған. Жалған сатып алушылар айналасында адам болмаған сәтті пайдаланып, сатушының тауар сөресінде қалған телефонын ұрлап кеткен.
“Смартфонын жоғалтқан дүкен қызметкері оқиға туралы дереу Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына хабарлаған. Келтірілген шығын көлемі 450 мың теңгені құрады. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктілерді санаулы минуттарда анықтап, ұстады”, – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі таңда полицейлер бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабымен тергеу жүргізіп жатыр.