Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр
Алматыда автобус апатынан қайтыс болғандардың туыстары автобус паркінен өтемақы талап етіп отыр, хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Автобус апатынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Талап Қосымов пен Гүлжахан Жетпісбаеваның туысы Сүйінбай Оңалбекұлы парк өкілдерінің бір аптадан кейін ғана көңіл айтқанын жеткізді. Олардың айтуынша, тіпті сол кезде де көмек көрсету туралы жақ ашпаған. Ал бұл отбасының артында төрт баласы қалған. Тұрып жатқан баспаналары да несиеге алынған екен.
«Банктен 17 миллион, қалғанын өздері ауылдағы үйлері мен көліктерін сатып пәтер алды. Сол банктегі ақшасы жабылса, балаларына баспана қалар еді. Енді автобус паркі жағынан үміт күтіп отырмыз. Үмітімізді ақтайтын шығар деген ойдамыз», – деді Сүйінбай Оңалбекұлы.
Мамандардың пікірінше, сот шешімі шыққаннан кейін қайтыс болғандардың жақындары азаматтық сотқа арызданып, сақтандыру компаниясына жүгіне алады. Ал, қоғамдық көлік жүргізушісінің кінәсі болса да, болмаса да бұл жағдайда жәбірленген тарапқа көмек беруі шарт.
«Оның кінәсі болса да, болмаса да бәрібір. Сол келтірілген залалды төлеп беруі тиіс. Адам қайтыс болғанда 2000 АЕК, І топтағы мүгедек болса 1600, ІІ топтағы мүгедектік үшін 1200, ІІІ топқа 500 бала мүгедектік алса болады», – деді «Еуразия» СК атқарушы директоры Гүлнәз Мұхтарова.
Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Еске салайық, 2023 жылғы желтоқсанда Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кеткен еді. Салдарынан 3 адам мерт болды.