×

Кем дегенде екі қазақстандық Оңтүстік-Шығыс Азияда құлдыққа түсті – СІМ

Кем дегенде екі қазақстандық Оңтүстік-Шығыс Азияда құлдыққа түсті – СІМ
фото: ашық дереккөзден

Оңтүстік-Шығыс Азияның "Алтын үшбұрыш" деп аталатын аймағында (Мьянма, Лаос және Таиланд шекараларының түйіскен жері) кем дегенде екі қазақстандық еңбек құлдығына түсті. Бұл туралы апта сайынғы брифингте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды qaz365.kz  тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

"Жаңа жылдың алдында екі азамат бізге көмек сұрап жүгінді. Біздің мәлімет бойынша, бұл екеуінен бөлек, басқа да біздің азаматтарымыз бар, бірақ бұл әзірге расталмаған ақпарат", - деді Смадияров.

Ол былтыр жаздан бері сыртқы саяси ведомство сегіз қазақстандықты құтқарғанын атап өтті. Айтуынша, құлдықта ТМД елдерінің азаматтары көп.

Смадияров алдын ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар көбіне үшінші тарап және әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы Қазақстан азаматтарын Таиландтағы компанияларға жұмысқа шақыратынын айтты.

Таиландқа келген соң, түрлі сылтау айтып, азаматтарды алаяқтық жолмен Мьянмаға жеткізеді. Олар өздерін криптовалюта табатын компания деп таныстырады.

"Алданып қалғанын кеш түсінген отандастарымыз елге оралуға ниет білдіргенде компания олардан 5-10 мың доллар төлеуді талап етеді. Олар – жолақы, шекарадан өту, виза, қонақ үйдің ақысы және тағы басқа шығындар. Мұндай сома болмағандықтан қазақстандықтар қытайлық компанияларға жұмыс істеуге мәжбүр", - дейді СІМ ресми өкілі.

Белгілі болғандай, жәбірленушілер көбіне Еуропа мен АҚШ азаматтарынан алаяқтық жолмен ақша шығаруға машықтанған қылмыстық компанияларға аудармашы болады немесе клиенттермен тікелей жұмыс істейді.

Егер жәбірленушілер жұмыстан бас тартса, оларды осыған ұқсас қылмыстық компанияларға 5-7 мың долларға сатып жібереді. Бұған қоса зорлық-зомбылық пен психикалық қысым жасайды, тамақ бермейді және тағы басқа әдістермен қорқытады.

Смадияров Қазақстанның Таиланд және Въетнамдағы елшіліктері осы мәселені толық шешу үшін Таиланд, Лаос және Мьяманың құқық қорғау органдарымен және сыртқы саяси ведомстволарымен тұрақты байланысты екенін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл процеске Таиландтағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдар да жұмылдырылған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →