Қоғамға қауіп төндіретін жат діни ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою мәселесі сөз болды
Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бірқатар Мәжіліс депутаттарымен кездесті. Бұл туралы діни басқарманың ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесуге Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Самат Мұсабаев, Аманжол Әлтаев, Абзал Құспан, Айгүл Құспан, Дәулет Мұқаев және тағы басқа депутаттар қатысқан. Басқосуда ҚМДБ төрағасы Діни басқарманың өткен жылы атқарған ауқымды іс-шаралары туралы айта келе, ел игілігі мен бірлігі жолындағы жұмыс жоспары жайлы әңгімелеп берді.
«Алла қаласа, жуырда көптен күткен «Ислам энциклопедиясының» бірінші, екінші, үшінші томы оқырманға жол тартады. Бұл діни саладағы үлкен жаңалықтың, тарихи оқиғаның, іргелі еңбектің бірі болады. Сонымен қатар «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы, «Дін мен дәстүр» үшінші кітабы да жарық көреді.
Аталған еңбектер дін мен дәстүрімізді дәріптеу, мұсылмандық мектебімізді насихаттау жолындағы іргелі істің бірі болмақ. Өздеріңіз жақсы білесіздер, еліміз биыл Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзіміз бастамашыл болған Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасына төрағалық етеді.
Осыған орай елімізде «Қожа Ахмет Ясауи және сопылық ілімі», «Орта Азия Фиқһ мектебінің методологиясы» халықаралық конференциялар өткіземіз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Басқосуда Бас мүфти депутаттардың сауалына жауап берген.
Сұхбат барысында қоғамға қауіп төндіретін жат діни ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою, дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, жас буын өкілдерін теріс идеологиялардың зиянынан сақтандыру мәселесі сөз болды. Кездесу соңында тараптар ел игілігі жолында бірлесе қызмет етуге келіскен.
Еске салайық, бүгін Мәжілісте бір емес,иүш депутат діни тақырыпта Үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Соның бірі Аманжол Әлтай салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп жатқанына алаңдайды.
ҚМДБ өкілдері «ұстанымы солқылдақ» деп айыптаған депутат Әлтайға жауап берген.