×

Қанды қаңтар: Талдықорғанда не болып жатыр

Сотталушылар мен жәбірленушілер арасында дау болды

Қанды қаңтар: Талдықорғанда не болып жатыр
Masa Media

Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды «азаптады» деп айыпталған бес полицейдің ісі жалғасып жатыр. 20 қаңтарда өткен сот отырысында тараптар пікірінде қарама-қайшылық байқалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Masa Media-ға сілтеме жасап.

Сотталушылардың адвокаттары 23 жәбірленушінің барлығы кешірім беріп, процесуалдық келісімге келуге келіскенін айтса, жәбірленуші Жансерік Тұралықов Masa Media тілшісіне ешқандай келісімге қол қоймағанын мәлімдеді. 

Қыркүйекте басталып, әлі күнге дейін созылып келе жатқан соттың бүгінгі отырысында күдікті бес полицейдің қорғаушылары судья Бекмұрат Дүйсенбековтен жәбірленушілермен процесуалдық келісімге келуге уақыт беруін сұрады. Олар 23 жәбірленушінің барлығынан кешірім алып, процесуалдық келісімге келгендерін жеткізді. 

“Бір-бірден барлығымен сөйлесіп жатырмыз. Осы жердегі 23 жәбірленуші өздерінің кешіретінін, процесуалдық келсімге келісетінін айтып отыр. Қазір сот барысында осы жерде отырған барлық жәбірленушіден сұрасаңыз, осыны қуаттайды деп ойлаймын”, – деді сотталушы Ермек Жұмашевтың адвокаты Жанат Сарқытов. 

Жәбірленуші Жансерік Тұралықов өзін азаптаған полицейлерге кешірім бергенін, бірақ процесуалдық келісімге келмегенін айтты. 

“Мына жерде мені азаптаған үш адамның үшеуіне де кешірім бердім. Мен олардан ақша, ешнәрсе сұраған жоқпын. Денсаулығымды үкіметтің ауруханасы емдеп берген. Сол да жетеді. Адам ұқсап анамның алдынан өтіп, кешірім сұрасын. Анамды тепкілеп тұрып мені алып кеткен осылар ғой. Өзім процесуалдық келісімге келген жоқпын. Ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын. Олардың не деп сөйлеп жүргенін білмеймін”, – деді Тұралықов. 

Ол Masa Media тілшісінің «алдағы уақытта процесуалдық келісімге келесің бе?» деген сұрағына нақты жауап бермеді. «Сотталушылар алдыма келсін, көреміз» деп қысқа қайырды. 

Сот кезінде күдікті Сапармұрат Тоқташтың адвокаты Қосанәлі Тұрмағамбетов Жансерік Тұралықовпен сөйлескендерін, алдағы уақытта процесуалдық келісімге келісімін алатынын айтқан. 

Жансерік Тұралықов сотқа процесс аяқталғаннан кейін бір-ақ келді. Оны сотталушы полицейлер оңаша алып кетіп, кезек-кезек сөйлесті. Ол сотталушылардың туыстарының біріне: «Қарғайсыңдар ма, маған бәрібір. Балаларыңды полиция қызметкері еткен мен емес. Өйтіп маған жаман көзбен қарамаңдар!» деп айқайлады. 

Сотталушы Айдын Кенжебаевтың әйелі Айдана Кенжебаева сот ғимаратының алдында тағы бір айыпталушы Сапармұрат Тоқташқа балағат сөз айтып, (ол сөздерді этикаға сай келмегендіктен бере алмаймыз – ред) «дұрыстап сөйлеспейсің бе» деді. 

Ұзақ сөйлесулерден кейін күдіктілер мен жәбірленушілер екі жаққа тарқасты. Олардың қандай шешімге келгені әзірге белгісіз. Келесі сот процесі 23 қаңтарға белгіленді. 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →