×

Әкімдік қазақ мектебіне аз көңіл бөледі: ата-аналар Риддерде қазақ мектебі ашылуын сұрайды

Екі корпусының бірі осыдан 60 жыл бұрын салынса, енді бірі 1937 жылы бой көтерген

Әкімдік қазақ мектебіне аз көңіл бөледі: ата-аналар Риддерде қазақ мектебі ашылуын сұрайды
коллаж: qaz365.kz

Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі қос корпустан тұрады. Өкініштісі сол, екі корпустың да кетеуі кетіп тұр. Бірі осыдан 60 жыл бұрын салынса, енді бірі 1937 жылы бой көтерген. Кеңестік кезден қалған көне мектепте қазақ балалары білім алып жатыр. Мәселенің мән-жайын білмек ниетте, Qaz365.kz тілшісі Назар Дәулет «Шыңырақ» көп салалы мектеп-гимназиясына барып қайтты.     

«Шыңырақ» мектебінің ертеректе бой көтергенін кеңестік кездегі «учиться и учиться» деген маңдайшасындағы ескі ұран айшықтап тұр. Мектеп ғимаратының қабырғасы қаусап, іргесі сөгілген. Кіші спорт залдың кірпіші қопарылып қалған. Тоз-тозы шыққан мектепте қазақ балалары қашанға дейін оқиды?! Бұл – «Шаңырақ» мектебі ата-аналарының көкейінде жүрген мәселе.

“Қазақ мектебінде 580 бала оқиды. Дайын кадрлар, дайын мұғалімдер бар. Солардың бәрін жаңа мектепке апару мүмкін емес пе?! «Шаңырақ» мектебінің мұғалімдерінің жағдайын ойласаң, жылағың келеді. Не жазығы бар екенін білмеймін. Осы екі мектептің ортасында жүгіріп жүріп сабақ береді”, – дейді Риддер қаласының тұрғыны Назар Асаинов.

Жоғары сыныптар оқитын корпустың кіреберісінде оқушылардың кубоктары, мақтау қағаздары тұр. Бұдан ұққанымыз, оқушылардың үлгерімі жақсы, жетістіктері аз емес. Бірақ, жүлде алып жүргендердің жаттығуы жертөледен басталады. Дене шынықтыру сабағында киім ауыстыруға арналған бөлме жертөледе. Осы тұста мектеп директоры міндетін атқарушы Әсем Дүсіповамен тілдестік.

“«Шаңырақ» мектеп-гимназиясында барлығы 508 оқушы оқып жатыр. Мектебіміз жылдағы техникалық қабылдаудан өтіп отыр. Тамызда мекеме жаңа оқу жылына толықтай дайын болды. Егер мектеп апаттық жағдайда болса, жұмысымызды жалғастыруға рұқсат бермес еді. Ғимараты ескі болғанымен, іші жылы”, – дейді директор міндетін атқарушы Әсем Арғыншақызы.

Айтқандай, мектеп ғимаратының қабырғасынан жарық пайда болғанын ата-аналардың бірі Серікқазы Шәкеров айтып берді.

“2012 жылдары мен көшіп келгенде осы мектепте жұмыс істегенмін. Сол кезде мектептің бұрышынан жарық шықты. Мектеп директорының басшылығымен баспалдақ қойып, әлгі жарықты жамадық. Екінші мәселе, баланы аралас мектепке бергіміз келмейді. Мұндағы мұғалімдердің деңгейі жоғары. Балалардың білім алу қабілеті жақсы. Қазақ мектебіне көңіл бөлсе ғой. Әкімдік жағынан көңіл бөлу аз деп есептеймін”, – деп тағы бір шындықтың бетін тырнады Серікқазы Шәкеров.

«Шаңырақ» төңірегінде шу көп. Соған қарай жаңа қазақ мектебі салына ма? Осы сұрақты алға тартып, ШҚО білім басқармасының басшысы Чернышева Инесса Александровнаға телефон соқтық. Оның айтуынша, мектептің екі ғимараты да апаттық жағдайда емес. Тек шағын спортзалдың апаттық жағдайда тұрғанын алға тартады. 

 «Шаңырақ» мектебінің жөндеуіне қоғамдық мәселе тумай тұрып-ақ, 60 млн теңге бөлінген. Ол баланста тұрған ақша. Кестеге сай жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал мектептің екі ғимараты да апаттық жағдайда емес. Апаттық жағдайда тұрғаны жапсыра салынған шағын спортзалы ғана. Оның негізгі ғимаратқа қатысы жоқ. Білім алуға да зиянын тигізбейді. Екі ғимарат та типтік мектеп. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білесіздер, жаңа 600 орындық аралас мектеп ашылды. Қазақ мектебінің ата-аналарына жаңа мектепке ауыссын деп ұсыныс айтқанбыз. Бірақ, ата-аналар ескі мектепте қаламыз деп шешті. Қазіргі таңда жаңа аралас мектепте 301 бала білім алып жатыр. Орын жеткілікті”, – деді Инесса Александровна.

Республикалық жоба бойынша 2023 жылы Риддерде тағы бір мектептің құрылысы басталады. Ол үшін жер телімі белгіленіпті. Алайда қазақ мектебі салына ма, орыс мектебі салына ма, әлде аралас мектеп салына ма, ол жағы белгісіз.

 

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Әнші Мөлдір Әуелбекова алғаш рет "Мамский әңгіме" подкастына сұхбат беріп, екі күйеуінен не үшін ажырасқанын ашып айтты
Бишімбаев алдымен мұндай бейне туралы білмейтінін мәлімдеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →