Оның өмір жолы – барша қазақстандықтар үшін үлгі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Салтанатты шараға қала тұрғындары мен қонақтары, әкімдік өкілдері және құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты.
Әнұран шырқалған соң, облыс әкімі Ермек Көшербаев жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтап, көктемгі тасқынның алдын алуға үлес қосқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.
«Елімізді қорғау – әрбір азаматтың парызы. Президент, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери салаға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Біз бүгін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюға жиналдық. Оның өмір жолы – барша қазақстандықтар үшін үлгі. Тұңғыш министрдің есімі тарихта алтын әріптермен жазылған», – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Сонымен қатар, мерекелік шарада отставкадағы полковник Бейсен Дулатов Қарулы Күштердің тұңғыш министрінің әскери өмір жолы туралы азды-көпті деректер айтып, бүгінгі ұрпаққа лебізін білдірді. Заман тыныш болсын деп тіледі. Өз кезегінде жас сарбаздар да Отан үшін қызмет ететіндерін жеткізді.
Ақ тілектер ақтарылған соң жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.