×

“Министрлікке жеткіземіз”: депутат Зайытов пен Толықбай алтын дауы өршіген Маралдыға барды

Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарымен бірге кен өндіру орнын барып көрді

“Министрлікке жеткіземіз”: депутат Зайытов пен Толықбай алтын дауы өршіген Маралдыға барды
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Маралды халқымен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Мақсат Толықбаев пен Ринат Зайытов Күршім ауданы, Маралды ауылының халқымен кездесті. Ашық диалог түрінде өткен кездесуде алтын өндіру фабрикасына қатысты мәселелер айтылды.

Жергілікті жұртшылықты мазалаған басты сұрақ – цианид. Ауыл тұрғындарының кейбірі кен өндіру технологиясында цианид қоспасын қолдануға қарсы екендіктерін жеткізді. Химиялық сұйықтық қоршаған ортаға, адам өміріне қауіпті деп есептейді олар.

Халық қалаулылары тұрғындарды алаңдатқан цианид қоспасын фабрика жұмысында қолданудың қоршаған ортаға зияны бар-жоғын анықтау үшін комиссия құру қажеттігін жеткізді. 

– Ең бірінші комиссия құрып, фабрикада цианид қоспасын пайдаланудың қоршаған ортаға зияны бар ма, жоқ па, соны тексеру керек. Комиссия құрамына экологтар мен жауапты министрліктердің өкілдерінен бөлек жергілікті халықтың ішінен белсенді адамдарды қосуды талап етеміз, – деді Мақсат Толықбаев.

Сонымен қатар тұрғындар биылғы 8 мамырда алтын фабрикасы салынып жатқан жерге басып кіріп, адамды жарақаттап, компанияның мүлкіне залал келтірді деген айыппен қамауға алынған азаматтарды босатуды сұрады. Бұл заң органдарының құзырындағы іс, сондықтан бәрі заң аясында шешілетіні түсіндірілді.

– Бұл жағдайдың ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтап, тиісті шешім шығарады. Біз оларды босатыңыздар деп айта алмаймыз, өйткені заң бар. Заңнан биік емеспіз, заңға бағынуымыз керек. Екінші бір мәселе – ішкі көші-қон. Айталық, 2001 жылы Маралды халқының саны 1312 болса, қазір мұнда 476 адам тұрып жатыр. Ал фабрика салынса, көші-қон тежеліп, жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтылып, ауылдың дамуына оң ықпалы тиері сөзсіз. Оны да ескерейік. Мәселе айғаймен шешілмейді, сұрақтарыңызды нақты, дәлел келтіре отырып, депутаттарға жолдаңыздар. Ешқандай дәйексіз фабрика салуға қарсымыз деуге болмайды ғой, мәселе бар болса, оның бәрін заңға негіздеп, нақты дәлелдер келтіріп айтайық, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Көпшіліктің фабрика құрылысын уақытша тоқтата тұру жөніндегі талабына қатысты да түсініктеме берілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары кәсіпорын құрылысын тоқтатуға заңды негіз болуы керектігін және ол тек сот арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Маралдының Мәдениет үйінде өткен жиыннан кейін Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарымен бірге кен өндіру орнын барып көрді.

– Біздің Маралдыға келгендегі мақсатымыз осындағы жағдайды көзбен көріп, ауыл халқының талап-тілегін естіп қайту болатын. Біраз дүние айтылды, көп жайтқа қанық болдық. Енді осылардың бәрін тиісті министрліктерге жеткіземіз, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Мәдениет үйіндегі және кеніш басындағы сындарлы әңгімеден кейін ауыл тұрғындары Астандан ат терлетіп келген депутаттарға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. 

Сонымен қатар облыс басшылығы тарапынан ауыл ішіндегі көше жолдарына асфальт төсеу, ауызсу тарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, мектептің материалдық базасын нығайту, маралдылық аналарды қалаға әкеліп медициналық тексеруден өткізу сияқты көрсетіліп жатқан қолдау-көмекке бек риза екендіктерін жеткізді.

Алдағы уақытта Маралдыда жазда шағын футбол, қыста хоккей мұз айдыны болатын әмбебап спорт нысаны салынып, 1,6 шақырымға жарық тартылып және басқа да жұмыстар жүзеге асырылатынын айта кету керек.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →