Адвокатының айтуынша, бұл іске басқа адамдардың да қатысы бар
2022 жылдың тамызында Тараз қаласы маңындағы «Шөлдала» шекара бекетінде өлі табылған 18 жасар мерзімді қызметтегі сарбаз Бекбол Мираштың жұмбақ өлімі туралы іске қатысты жаңа мәліметтер шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі @patriot_patriot телеграм арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиғадан кейін бөлім командирі қамауға алынып, оған қатысты «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдалану» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған болатын. Алайда ұсталған адамның адвокатының айтуынша, бұл іске басқа адамдардың да қатысы бар.
Бұған дейін адвокат Сержан Пралиев баспасөз мәслихатында мерзімді қызметте болған сарбаздың киімінен және аузынан басқа адамдардың биоматериалдары табылғанын хабарлаған еді.
Аталған қылмыс бойынша келесідей жайттар белгілі болды:
Сарбаз асылған белдік өзінікі емес, әскерде бірге болған жолдасынікі болып шықты. Асылуға неге өзге адамның белдігін қолданғаны жұмбақ күйінде қалып отыр.
Қайтыс болған жігіттің аузынан екі және одан да көп адамның биоматериалдары табылған. Яғни, өзіне қол салмас бұрын 18 жасар жігітті топ болып аяусыз қорлаған. Сараптама нәтижесіне сәйкес, биоматериалдар барлық жерден - іш киімінен де, қысқа жейдесінен де, аузынан да табылған. Тек шұлғауы мен етігінде ғана болмай шықты.
Қайтыс болардың алдында жігіт ата-анасына қоңырау шалып, жарты сағат сөйлескен.
Қорлау сәті ұялы телефонның бейнекамерасына түсірілген деген күдік бар. Өйткені сарбаздарының бірінің іс-әрекеті күмән туғызып отыр. Әскери қызметшінің қайтыс болғанын білген сәтте, қызметтес серіктерінің бірі өзіне бекітіліп берген жұмыс орнын тастап, базаға жүгіріп келіп, сарбаздардың бірінің қолындағы телефонын жұлып алып, күл-паршасын шығарған. Содан кейін сынған телефонның шашылған бөліктерін жинап алып, бір жаққа алып кеткен. Ол неге біреудің телефонын сындырады? Жанталасып телефонды сындырып, көзін жоятындай оның ішінде не бар еді? Әзірге бұл сауалдарға жауап табылмай тұр.
Әскери-тергеу басқармасының тергеушісі күдіктілер санын көбейтпей отыр және қылмыстың бабын «ауыр зардаптарға әкелген жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» деп өзгертуге асығар емес.
Қайғылы оқиғадан бір тәулік бұрын бес сарбаз шекара бөлімінде ішімдік ішіп отырған. Мұны көрген командир оларға айқайлап, сарбаздардың біріне орындық лақтырған.
Тергеушінің ойынша, қайғылы оқиғаның болуына командирдің дәл осы әрекеттері себеп болған. Бірақ бұл шешіммен бәрі бірдей келіспейді.
Тергеуші қазіргі таңда сарбазды ұрып-соққан командирді күдікті тұлға деп есептейді.
Жақында сот бөлімше командиріне қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын тағы да ұзартты.