Оның айтуынша, талаптарға сәйкес келмей қалған уақытта картаны бермей қоятын жағдайдың ықтималдығы жоғары
8 ақпанда Астана мен Алматыда журналистер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, «Масс-медиа туралы» заң жобасының шикі тұстарын атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі комитеті» мүшесі, белгілі журналист Жұлдыз Әбділда баспасөз картасы жобаға енгізілген сәттен бастап, көптеген пікір туындағанын айтады. Оның пікірінше, баспасөз картасын енгізу журналистерді «алалау» болып есептеледі.
«Баспасөз картасын уәкілетті органның жанындағы комиссия береді дейді. Бұл мынандай талаптарға сай болуы керек. Алдымен журналистика мамандығында оқыған, адамдарға үш жыл еңбек өтілінің болуы. Ал, журналистикада оқымаған адамдарға бес жыл еңбек өтілі болсын деген. Сонда бұған дейін сіздің баспасөз картаңыз болмайды. Ал, баспасөз картасы ол айырықша құқықтар береді дейді. Бұған журналистерді «алалау», «дискриминация деп те қарауға болады. Баспасөз картасын алудың негіздері дегенде соттылықтың болмауы, оның бәрі де түсінікті ғой. Сонымен бірге, журналистің белгілі бір ақпарат құралына жұмыс істеуін де жатқызған. Мүмкін, журналист жұмыс істемей, ол фрилансер ретінде бірнеше басылымға да жазуы мүмкін ғой. Дәрігерлердің өзінен жыл сайын лицензия алмайды. Бізге баспасөз картасын жыл сайын беріп отырмақ», - дейді ол.
Жұлдыз Әбділданың айтуынша, талаптарға сәйкес келмей қалған уақытта, картаны бермей қоятын жағдайдың ықтималдығы жоғары.
«Бұл карта – журналистерді қысымда ұстайтын тетік. Егер талапқа сәйкес келмесе, оны тартып алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, ауыр немесе аса ауыр құқық бұзушылық жасаса, баспасөз картасынан айырылады делінген. Ертең біздің қай әрекетіміз ауыр немесе аса ауыр құқық бұзушылыққа жататынын қалай анықтаймыз? Екінші, әр редакция қабылдаған кәсіби этика нормасын бұзуға байланысты. Әр редакцияда әртүрлі болуы мүмкін. Қазір жаға ұстатарлық жаңалық таратып, этиканы аяқасты етіп отырған ақпарат құралы көп. Олар үшін бұл қалыпты норма, басқалар үшін керісінше болуы мүмкін», - деді Жұлдыз Әбділда.
Шара соңында «Масс-медиа туралы» заң жобасының қабылдануына қарсылық танытқан қоғамдық ұйым өкілдері мен журналистер президенттің атына өз үндеуін жолдады.