Иттердің із кесуші-құтқарушы болып «жұмыс істеп» жүргеніне үш жүз жылдан асыпты
Бүгінде арнайы дайындықтан өткен құтқарушы иттер әлемнің әр түкпіріндегі күрделі іздеу-құтқару операцияларына қатысады. Жер сілкінісінің, лаңкестік әрекеттердің, әртүрлі апаттың салдарынан қираған үйінділер арасынан мыңдаған адамды құтқарған олар жайында тараған аңыз көп.
Qaz365.kz редакциясы өзінің оқырмандарына aikyn.kz-те жарияланған құтқарушы иттер туралы танымдық мақаланы ұсынады.
Иттердің із кесуші-құтқарушы болып «жұмыс істеп» жүргеніне үш жүз жылдан асыпты. Олардың көмегін алғаш болып Альпі тауларын мекен еткен монахтар пайдаланған деседі. Епті сенбернарлар (сабалақ жүнді ит тұқымы) Швейцария мен Италия арасындағы тау өткелдерін бағындырмақшы болып, адасып қалған саяхатшыларды іздеуге үйретілетін болған.
Құтқарушы иттер адамның қай жерде екенін иісінен анықтайтыны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, іздеу-құтқару қызметіндегі бір ит жиырма, тіпті отыз кәсіби із кесушінің жұмысын атқара алады. Кейбір иттердің иіс сезу қабілеті адамдікінен жүз миллион есе өткір. Орташа есеппен бір күнде осындай қызметтегі иттер кинологқа ере жүріп бір шаршы шақырым аумақты шолып шығуға қауқарлы. Олар алыс қашықтықтағы иісті бұлтты күндері және түн кезінде тезірек табады.
Әлем халқын тебіренткен хикаялардың бірі – 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған лаңкестік әрекеттен кейін адамдарды құтқарған 300 ит жайында. Неміс овчаркалары, ротвейлерлер, лабрадорлар, добермандар полицейлермен, өрт сөндірушілермен, құтқарушылармен бірге жермен-жексен болған екі мұнара астындағы адамдарды іздеуге қатысты. Қарындары ашқанына да, шаршағанына да қарамастан өз жұмысына берілген иттердің кейбірі қауіпті дертке де шалдықты. Үйінді аумағында сегіз сағат бойы жұмыс істеген Сервус атты бельгиялық овчарка инфаркт алған. Адам иісі шыққан жаққа жүгірмекші болып ып-ыстық металл платформаға секірген Брутус атты неміс овчаркасының екі табаны күйіп қалған. Сириус атты тағы бір құтқарушы ит солтүстік мұнара ішіндегі отқа оранған қуықтай бөлмеде бес сағатқа қалып қойып, жан тапсырған. Аман қалған иттердің көбі кейінірек тыныс алу жолдарының ісігінен өлген. Эпидемиологтардың болжамынша, олар құтқару кезінде улы газдарды көбірек жұтып қойған.
Бір таңғаларлығы, ветеринарлар құтқарушы иттердің көпшілігінде осы уақиға кезінде тұрақты стресс кесірінен депрессия пайда болғанын айтады. Өйткені иттер ұзақ уақыт бойы тірі адамдарды таба алмай, тек өлілерге кезіге берген. Бұл оларды кәдімгідей күйзеліске түсіріп, кейбіреулері адам іздеуге шығудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Ит екеш иттің өзі қайғының, апаттың салмағын сезінгені ғой...