Оқушының қырағылығының арқасында полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады
Таразда 10 жасар қырағы бала полицейлерге ауыр қылмысты ашуға көмектесті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан шақырту түскен. Әйелі үйінің жанында белгісіз адам күйеуіне пышақ жарақатын салғанын хабарлаған. Артынша қылмыскер оқиға орнынан қашып кеткен. Жарақат алаған ер адам қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
“Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері тергеу іс-шаралары барысында қылмыстың куәгері — жақын жерде ойнап жүрген 10 жасар баланы анықтады. Ол полицейлерге күдіктінің киімі, келбеті, қайда қашқаны туралы маңызды ақпаратты нақтылап айтып берді. Оқушының қырағылығының арқасында полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады”, – деп хабарлады жергілікті Полиция департаменті.
Тараз қаласы полиция басқармасының басшылығы балаға ауыр қылмысты ашуға көмектескені үшін алғыс хат табыс етті.