×

Дикий Арман "Қаңтар оқиғасы" алдында Қазақстанға не үшін оралғанын және ҰҚК-мен қандай байланысы бар екенін айтып берді

Арман Жұмагелдиев Алматы ҰҚКД тергеу изоляторынан эксклюзивті сұхбат берді

Дикий Арман "Қаңтар оқиғасы" алдында Қазақстанға не үшін оралғанын және ҰҚК-мен қандай байланысы бар екенін айтып берді
Telegram / WarLife

Дикий Арман деген атпен танымал Арман Жұмагелдиев Алматы ҰҚКД тергеу изоляторынан эксклюзивті сұхбат берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

- Сіз қаңтар оқиғасының алдында ғана елге оралдыңыз. Бұған не себеп болды?

- Мен ешқашан ресми түрде іздеуде болған емеспін. УБОП қызметкерлері маған қастандық жасап, Назарбаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында көлігімді атқылаған соң, елден кетуіме тура келді. Маған «егер Қазақстанда қалсаң, не өлтіреді, не түрмеге қамаласың» деген ескертулер болды.

2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келуімнің себебі - қараша айында көптен күткен қызым дүниеге келді. Ол ауыр жағдайда жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Осыған байланысты мен Түркиядағы таныс кәсіпкерімнен менің елге келуім туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрімен сөйлесуін сұрадым, өйткені ол (ҚР ІІМ министрі) сол кезде іссапармен Стамбул қаласына келген болатын.

Кәсіпкер танысымның айтуынша, ҚР ІІМ министрі менің келуімді мақұлдап: " Ең бастысы, заңды бұзбай жүрсе, ІІМ тарапынан ешқандай проблема болмайды", - депті. Сонымен қатар ол менің саясатқа араласпауымды өтінген, әрине, бұл маған біртүрлі болып көрінді. Мен досыма саясаттан алыс екенімді айттым, Мен үшін ең бастысы – қызымды көру және оның жанында болу.

Мен сондай-ақ Искаков Русланнан ҰҚК қызметкерлері тарапынан маған қатысты ештеңе болмауын өтіндім. Ол менің елге келуімді басшылығымен келісуі қажеттігін айтты. Осыдан кейін ҰҚК қызметкерлері тарапынан мені арандату болмайтынын жеткізді.

Алматы қаласына ұшып келгенімде, менің артымнан криминалдық полиция мен ІІМ жетінші басқармасының қызметкерлері көліктерімен еріп жүрді. Ұсталғаннан кейін ҚР ІІМ қызметкерлері менің телефонымды ашуға тырысты. Тіпті егер қажет болса, маған ІІМ министрінің өзі келеді деп айтты. Менің ойымша, бұл менің телефонымдағы оның Түркиядан келген досыммен хат алмасуына байланысты болса керек.

ҚР ІІМ Министрінің бұйрығымен мені ұстағаннан кейін мынадай сұрақ туындайды: ол келуімді мақұлдағанмен, саясатқа араласпауымды өтінді, бірақ мұндай нәрсе менің ойымда да жоқ еді. ІІМ қызметкерлері онсыз да Астанада менің телефонымды ашуға тырысты. Осы орайда «ҚР ІІМ министрі неден қорықты екен?» деген ой келеді.

Оның атынан маған сол кезде Ведомствоаралық жедел тергеу тобының мүшесі болған Таукенов Алмаз деген қызметкері келді. Ол маған ішкі істер органдары жағына шығуды және ІІМ министріне беру үшін ұялы телефонымды ашып беруді ұсынды. Ол мені министрмен тікелей байланыста екеніне сендірді. Мен бас тарттым. Жедел уәкілге тергеу изоляторының камерасына кіруге заңмен тыйым салынғанына қарамастан, Таукенов Алмаз маған СИ-18 камерасына бірнеше рет келді. Бұл фактіні СИ-18 камераларындағы бейнежазбалар арқылы оңай тексеруге болады.

- Сізге Қылмыстық кодекстің қандай баптары бойынша айып тағылды?

- Бастапқыда ҚР ҚК 272-бабының 1-бөлігі (талқандау, өртеу, қирату, мүлікті жою, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу) және 126-бабының 3-бөлігі (күш қолдану арқылы заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша тергеу жүргізілді.

2022 жылдың жазының басында тағы бір бап бойынша іс қозғалды – ҚР ҚК 287-бабы 4-бөлігі (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру). 11 ай бойы менен жоғарыда аталған үш бап бойынша ғана жауап алды. Осы уақыт ішінде тек төрт рет бетпе-бет жүздесу болды. 2022 жылдың қыркүйегінде маған ҚР ҚК 262-бабының 1-бөлігі бойынша (ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару) айып тағылды.

2022 жылғы 11 желтоқсанда Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы қосымша 268-баптың 1-бөлімі (бандитизм), 272- баптың 2-бөлімі, 125-баптың 3-бөлімі (күш қолдану арқылы адам ұрлау), 194-баптың 4-бөлімі (бопсалау), 291-баптың 4-бөлімі (қару-жарақ, оқ-дәрілер,жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау немесе бопсалау), 200-баптың 3-бөлімі (ұрлау мақсатынсыз күш қолдану арқылы автокөлікті немесе өзге де көлік құралын заңсыз иемдену), 191-баптың 4-бөлімімен (тонау), дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекстің тағы жеті қосымша бабы бойынша  менің іс-әрекетіме нақты айып тағылды.

Бірақ жоғарыда аталған жеті бап бойынша менен ешкімнің жауап алмағанын және ешкіммен бетпе-бет жүздесу өткізбегенін атап айтқым келеді.

2022 жылдың 23 желтоқсанында Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы қылмыстық іс бойынша тергеу ісін жүргізудің аяқталғанын жариялады, сөйтіп, Конституцияда және азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде көзделген менің құқықтарымды бұзды: онда күдікті мен оның адвокаттары күдіктінің мүдделерін қорғау үшін өз дәлелдерін беру үшін қосымша уақыт сұрауға құқылы екені көрсетілген. Сондай-ақ менің тергеудің әр кезеңінде өзіме қатысты қандай баптар бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын білуге құқығым бар.

Сондай-ақ, маған ҚР ҚК-нің жоғарыда аталған жеті бабы бойынша айып таққандарымен қоймай, олар бойынша менен жауап алмаған және ешқандай тергеу іс-шараларын жүргізбеген Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысының жүгенсіздігіне таң қаламын. Бұл баптардың қайдан шыққанын түсінбеймін. Бұлай істейтіндері бар, тергеу әрекеттерін жүргізіп әуре болмай-ақ, соңында маған Қылмыстық кодексті түгел "іліп жіберуге" болатын еді ғой?

Тергеушілер менің сол күндердегі телефон қоңырауларымды егжей-тегжейлі тексерген жоқ, жәбірленушілермен және менімен араз болған барлық адамдармен бетпе-бет жүздесулер болған жоқ. 11 айдың ішінде мен тек төрт бетпе-бет жүздесуге қатыстым, онда да бәрін дәлелдеп бердім.

Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысымен жеке сөйлескен кезде, оған шындықты анықтау үшін мені полиграфта немесе кез келген басқа аппаратта тексеруді ұсындым. Мен оған: "Маған бейбіт тұрғындарды тәртіпсіздікке және ұстауға шақырғанымды айта алатын тым болмаса бір нақты куәгерді әкеліңіз", - дедім. Ол маған ондай адамның жоқ екенін айтты.

Ол маған: "Өзің түсінесің ғой, бізге жоғарыдан не айтады, біз соны жасаймыз. Мен бұл жерде ештеңе де шешпеймін. Сенің тұтқындалуыңның артында Ресей тұруы мүмкін: түркілерді біріктіру туралы мәлімдемелеріңе байланысты. Егер тыныш отырсаң, онда саған қосымша баптар ілінбейді", - деді. Сондай-ақ, ол маған құпия түрде мынадай нәрсені айтты: Ресей ФҚК төрағасы Бортников қоңырау шалып, жаппай тәртіпсіздіктер мен митингілерді ұйымдастырған мен екенін айтыпты.

Бірақ оның сөзіне қарамастан, мен бұл әділетсіздікпен күресуге бел будым және Президент Тоқаевқа жүгініп, әділ тергеу жүргізуді, барлық дәлелдерімді тексеруді және қаңтар айындағы оқиғаларды жеке бақылауға алуды өтіндім. Бірақ осы үндеуден кейін маған тағы жеті бап ілінді, олардың ішіндегі ең қиыны – бандитизм болып тұр. Мұндай берекетсіздік тіпті ескі Қазақстанда да болған емес.

Тергеудің басында Ведомствоаралық жедел тергеу тобының өкілдері өздері ойлап тапқан нұсқалары бойынша мені 2016 жылдан бері ҰҚК атынан Искаковтың басқарып отырғанын және осы уақыт ішінде мені қаңтар оқиғасына дайындағанын айтуды ұсынды. Олар маған әуелі Тасмағамбетов, одан кейін Самат Әбіш президент болуы тиіс екенін айтты. Олардың айтуынша, мен Мәсімовпен Ракишев арқылы байланыста болғанмын, тіпті Қайрат Боранбаев та менімен бірге болған. Егер осылай айтсам, маған бандитизм, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы және басқа да баптарды ілмей, рәсімдік келісімге қол қою арқылы бостандыққа шыға алады екенмін.

Мен одан бас тарттым, өйткені бостандыққа шығу үшін басқа адамдарға жала жабуға, жалған сөйлеуге менің дінім мен ар-намысым жібермеді. Мен мұның Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысына күштік құрылымдар мен саясаткерлердің әрекетсіздіктерін жауып, есеп беру үшін ыңғайлы нұсқа екенін және оларға ешқандай шындықтың қажет емес екенін жақсы түсінемін.

Олардың қайсысы осы қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде барлық қауіпсіздік қызметкерлері мен билік өкілдерінің 3-4 қаңтарда митингілерді баса алмағаннан кейін және жағдай бақылаудан шығып кеткеннен кейін, әрқайсысының қорыққаннан бас сауғалап кеткендерін, қылмыс әлемінің серкесі - Дикий Арманның қаланы, ауруханаларды, сауда орталықтарын, т.б. қорғап, азаматтардың өміріне алаңдап,  тамақ пен азық-түлік таратқанын ашық айта алар екен? Өз өмірін қатерге тігіп, ашу-ызаға булыққан халықтың наразылығын және тәртіпсіздіктерді тоқтату, адамдарды тыныштандыру үшін және бейбіт митингілергілерге қатысушылар мен мемлекет зардап шекпеуі үшін мәселелерді қантөгіссіз шешу жолында шырылдап жүрген кім екен?

Біз бейбіт шеруге қатысушыларды пайдаланып, билікті құлатуға тырысқан, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушыларды табуға тырыстық.

Мен жұртшылықтың шындықты білуіне жол бермеу үшін өзіме қатысты сот жабық түрде өтеді деп қорқамын, өйткені олар сол кезде де, қазір де жасалып жатқан барлық заңсыздықтарды халықтың білетінін түсінеді. Ашық сот процесінде нағыз жаудың кім екені белгілі болады.

Президент Тоқаев менің өтінішімді естіп, сөздерімнің дұрыстығына көз жеткізеді деп үміттенемін. Менің ойымша, қайғылы қаңтардағы тәртіпсіздіктердің шынайы ұйымдастырушыларын жасыру үшін әдейі жаңылыстырып отыр.

Менің ойымша, Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы шынымен кінәлі адамдарды жасыру үшін барлық тергеу әрекеттерін әдейі бұрмалап, тергеу жұмыстарын мені айыпты етіп шығару үшін жүргізуде.

Мұның бәрі тергеудің заңдылығын қадағалап, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаушы ретінде әрекет етуі керек прокуратура (қадағалау органы) тарапынан жүргізіліп жатқаны өкінішті. Мұның бәрі Жаңа Қазақстанда болып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің мемлекетіміздің негізі - әділдік және заң бәріне бірдей.

- Қазір түрмедегі жағдайыңыз қалай?

- Шамамен жарты жылдай мен ҰҚКД тергеу изоляторының өмір сүруге қажетті қарапайым жағдайлары жоқ біркісілік камерада жалғыз өзім отырдым. Бұл ғимараттың НКВД кезінен бастап және осы күнге дейін түк өзгермегені таңқаларлық. Ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы Т.Ж. Крылдаковтың талабы бойынша, моральдық немесе психологиялық қысым көрсету үшін мені арнайы біркісілік камерада ұстады.

Алғашқы айларда маған кітап, қайнаған су берілмеді, тіпті серуендеуге де шығармады. Сонымен қатар, алаңда басымды жарғаннан кейін алғашқы медициналық көмек те көрсетілмеді. Менің миым шайқалды, ем алуым керек еді, бірақ ондай жағдай жасалмады, сондықтан басым қатты ауырып, жағдайым нашарлады, денсаулығыма кері әсерін тигізді.

Менің Алматы ҰҚКД тергеу изоляторында отыруымның өзі заңсыз екенін атап өткім келеді. Өйткені маған таққан айыптар бойынша тергеу изоляторына қамауға жатпайды.

Айта кетейін, тергеу изоляторында отырған кезімде мен Н. Мәжіловпен де (Алматы ҰҚКД-ның бұрынғы бастығы Нұрлан Мәжілов - ред.), Р. Искаковпен де кездескен жоқпын және олармен бетпе-бет жүздесулер жүргізілмеді, себебі, менің ойымша, тергеуге шындықтың бетін ашу қажет емес.

- Сіздің анаңыз мұғалім, мектеп директоры, әкеңіз прокурор болған. Сіз қалай қылмыс әлемінің серкесіне айналдыңыз?

- Мен түрмеге алғаш рет бұзақылығым үшін түстім. Жай ғана Жармахан Тұяқбайдың бөксесінен теуіп, 3 жыл шартты түрде жазаға кесілдім. Бұл менің "қылмыс әлемінің серкесі" тарихымның бастамасы болды. Біздің жалған оппозициямыздың және саржағал баспасөздің (ақпаратты тексермейтін) арқасында осылайша "Дикий Арман" қылмыстық дастаны басталды. Саржағал баспасөздер жарыса жазғандай, мен ешқандай да серке емеспін, өзімді елімнің патриоты және халқымның батыры ретінде ұстаймын.

- Сіз өз өміріңізге төнген қауіпті сезесіз бе?

- Жоқ, мен өз өміріме төнген қауіпті сезбеймін, өйткені қаңтар оқиғасы кезінде бәрін дұрыс жасадым деп ойлаймын.

- Сіз қылмыстық ісіңіз бойынша қандай үкім болады деп ойлайсыз?

- Біз ертең не болатынын білмейміз. Өйткені, бәрі Алланың қалауымен. Бірақ әлі де әділдік салтанат құрып, Жаңа Қазақстанды сөзбен емес, іс жүзінде құра аламыз деп үміттенемін. Бірақ қалай болғанда да, қанша жасырса да, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, ақиқат ашылады.

Мен әрқашан «өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлгенім артық» деген қағиданы ұстанып келемін. Мен бұл әділетсіздікпен соңына дейін күресемін, тіпті осы жолда, егер қажет болса, өмірімді де қиюға дайынмын. Мен сөз бен ар-намыстың адамымын. Соған сеніңіз. Менің ісіме Алла куә, жалғыз сол ғана төреші.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Бүгін, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →