Министр таксишілердің құқығын қорғайтын ешкім қалмағанын айтты.
Мәжіліс депутаты Ринат Заитов бірінші оқылымда талқыланып жатқан тасымал қызметін өзін-өзі реттеу ұйымына мүшелікке өту мәселелеріне арналған заң жобасын талқылау барысында депутаттық сауалын жолдамас бұрын осылай деді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жалпы осы Үкімет мүшелерінің бастамашылығымен мәжіліске келгелі бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп жатқанын көрген жоқпын. Бәлкім, көре алмай жүрген шығармын. Онда бетіме келіп айтыңыздар» – деді Заитов.
Сондай-ақ ол көлік министрі Марат Қарабаевтан кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын екі палата барын айтып, такси қызметін ұсынатын шағын кәсіп иелерін неге сол палаталар басқара салмайтынын сұрады.
«Бәріне қожайын тауып беріп, таксистерді отарлаудың қажеті қанша? Олар өзі шулы қауым, ертең олар дүрлігетін болса, өзіңіз жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба?» - деді депутат.
Министр жауапкершілікті алатынын, таксишілердің құқығын қорғайтын ешкім қалмағанын айтты.
«Сондықтан өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болған соң олардың қабылдаған қағидасына сай, ең алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өздерінің құқықтарын қорғайтын талаптар қоя алады. Заң жобасы түбінде қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғауға бағытталған» – деді министр.
Марат Қарабаевтың айтуынша, жаңа заң такси қызметін ұсынатын агрегаторларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға міндетті мүшелікке қосуды көздейді.